Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын Атырау облысында іске асыру үшін шаруагерлер несиеге 990 бас мал береді. Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов тауарлық несиенің тиімділігі мен оны іске асыру жүйесін түсіндірді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұрын-соңды болмаған тауарлық несиенің мақсаты – ауыл тұрғындарының әл- ауқатын көтеріп, мал басын көбейту. Е.Тоғжановтың айтуынша, жаңа жоба кредиттік жағдайы қиын және кепілге қояр мүлкі жоқ азаматтарға арналған. Яғни, олар кепілсіз, пайызсыз тауарлы несие алып, төрт-түлігін түлете алады.
- Біз ауыл кәсіпкерлерімен кеңесіп, тауарлы несиені ойластырдық. Бүгінде бұл бастаманы қолдаған елдің фермерлері аз қамтылған отбасыларға 8 880 бас мал таратты. Мұндағы жүйе мынадай: мысалы, біз 5 жылға 10 сиырды несиеге береміз. Оның ішінде-бірінші жыл-демалыс, екінші жыл-қарыз алушы 4 сиырды, үшінші жылы - тағы 4 сиырды қайтарады. Осылайша, 4-ші жылы мал басы 16-ға көбейеді. Ал 7 жыл болса 24 малға дейін ұлғайтуға болады,- деді Премьер-Министрдің кеңесшісі Е.Тоғжанов.
Бүгінде аталған бағдарлама бойынша әкімдіктің ұсынысымен жергілікті кәсіпкерлер тауарлы несие беруге дайын екендерін айтты.
-Ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында қолға алынған тауарлық несиені қолдаймыз. Осы ұсынысты қабылдай келе, өзім жетекшілік ететін Жылыой ауданындағы шаруа қожалығынан 300 қой, 100 жылқы, 50 сиыр және 30 түйені несиеге беремін. Осы арқылы тауар алушының да беруші біздің де төрт түлігіміз көбейеді, - деді «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейтжан Балжігітов.
Ал Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығының жетекшісі Құрман Жаңабаев 100 қой, 50 жылқы және 30 сиырын ұсынса, Жылыой ауданындағы «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов 300 қой- ешкі мен 30 жылқыны несиеге бермек.
Бұл ретте, облысқа арнайы шақырылған Ақтөбе облысының шаруагерлері де өз тәжірибиелерімен бөлісті.
- Несиелі тауар беруді біз ерте бастадық. Ақтөбедегі үлкен шаруа кооперативтері мал басын жұмыссыздар мен АӘК алушыларға бердік. Мен тауарлы несиеге 4 мың қой мен 120 бас сиыр малын бердім. Қазір берілген малдың 40 пайызын қайтарып алдым. Бұл екі жаққа да тиімді. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін несиенің өзі - ауыл шаруашылығын дамытуға көп мүмкіндік береді. Біз жемісін көріп отырмыз, - деді Ақтөбе облысының кәсіпкері Кәмшат Төлеуова.