Жерге қарай ғарыштан қуаты 9 баллдық магнит дауылы соқты. Ол Қазақстан уақыты бойынша бүгін түнгі сағат үштен бастап, таң ата шарықтау шегіне жеткен, деп хабарлайды КТК.
Алматыдағы Ионосфера институтының мамандары мұны Күндегі күшті жарқылдан болған құбылыс деп түсіндірді. Соның салдарынан әлемде 4-ші деңгейдегі магнит дауыл жүріп жатыр екен. Жалпы бұл күндері адамдарға физикалық белсенділікті азайтып, уақтылы тамақтанып, көбірек су ішу қажет. Өйткені магнит дауыл айтарлықтай қауіп төндірмесе де, метео сезімтал адамарға қиындық тудыруы мүмкін. Олардың буыны қақсап, жүрегі қысып, басы ауруы мүмкін.
Берік Ысқақов, Ионосфера институты ғылыми-зерттеу жөніндегі директордың орынбасары:
— Қазақстан аумағында, атап айтқанда, Алматыда біздің институттың құрылғыларымен өлшенген магнит дауыл 5 балға тең. Бұл жердің нақты біздің еліміздің территориясын күнге қатысты қандай позицияда тұрғанына байланысты. Адамның денсаулығы мен әл-ауқатына теріс әсері туралы нақты расталған мәлімет қазір жоқ.