Қыркүйектің 14-і күні Б.Нысанбаев және П.Морозов көшелерінің тұрғындары қатты тарсылды естіп, үйлерінің қабырғалары шайқалды. Шошынған тұрғындар не болғанын түсінбей қалды: жарық өшіп қалып, кейін үйлеріндегі бүкіл техниканың жанып кеткені белгілі болды.
Ең көп зардап шеккен Б.Нысанбаев, 102-үйдің тұрғыны Татьяна ДЕМЯШЕВА сол күні жұмыста болған. Оған көршілері қоңырау шалып, дүрсіл естілгеннен кейін оның үйі жағынан түтін шыққанын хабарлаған. Татьяна дереу жеткенде, үй ашық жалынмен өртеніп жатқан. Өрт сөндірушілерді шақырғанымен, бірінші қабаттағы заттарды құтқару мүмкін болмайды. Екінші және үшінші қабаттарда өрттен кейін ыстың иісі шығып тұр. Өрт шарпымаған жерлер күйе болып қалған. Қазіргі уақытта коммуникация, әсіресе су мен жарық жоқ. Көршілер уақытша жарық жеткізуге көмектесуде. Күйеуі екеуі жоғарғы қабатта түнеп жүр.
«Енді қайда барамыз, басқа баспанамыз жоқ», - дейді Татьяна.
Облыстық ТДЖ баспасөз қызметі бізге өрттің қысқа тұйықталу салдарынан болғанын және осы аймақта жоғары кернеулі желіде жұмыс жүргізілді ме, жоқ па, себебін анықтау үшін «Атырау-Жарыққа» сауал жолданғанын айтты.
– Жауап әлі келген жоқ. Тексеру жалғасуда, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Т.Демяшева 14 қыркүйекте желіде жұмыс жүргзілгенін айтады: «Жарық әлем құрылыс» ЖШС мердігер ұйымының қызметкерлері көшедегі трансформаторда жұмыс істеп жатқан, сол кезде атылған дыбыс шыққан. Зардап шегушінің пікірінше, мердігер 380 вольт кернеулі трансформаторда қате жібергендіктен жанған. Ол да, тұрмыстық техникасынан айырылған басқа тұрғындар секілді шығынды өтеуді талап етіп отыр. Бұл мәселені шешуді сұрап, қалалық әкімшілікке жазған хат әкімнің үстелінде тұр. Демяшева мердігердің үстінен полицияға да арыз жазған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі прокуратурамен келіскен соң жауап дайындаймыз деп уәде берді.
«АЖ» мердігер компанияның әкімшілігіне хабарласты. Нөмір иесі компанияға қатысы бар екенін растады, бірақ өзін таныстырмады. Ол қазіргі уақытта тұрғындармен келісім жасалғанын, олардың шағымдары жоқтығын айтты. Кейінірек Демяшева мердігер бірнеше рет кешірім сұрағанын және бүгінде оның үйін мердігер есебінен клинингтік компания тазалап жатқанын растады.
Бұл компания «Батыс Транзит» АҚ-ның қосалқы мердігері екенін қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек ТӨЛЕГЕННЕН білдік. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Келісім мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалған. Қосалқы мердігер Б.Нысанбаев көшесінің бойына көше жарықтарын орнатқан. Ғ.Төлегеннің айтуынша, әуе желілеріндегі жұмыстар «Атырау Жарық» АҚ-ның келісімінсіз жүргізілген.
«Атырау-Жарық» компаниясының өкілдері оқиға орнында акт толтырған. «Батыс транзит» АҚ басшысының айтуынша, олар қосалқы мердігерлермен бірлесіп, тұрғындарға жұмыс барысында істен шыққан тұрмыстық техникалар сатып алады», - дейді Ғ. Төлеген.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор