МАГАТЭ-нің Венадағы Бас конференциясының 68-ші сессиясында Қазақстанның бейбіт атомды дамытуға қосқан үлесі мен уран тақырыбына арналған ұлттық павильоны ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Айта кетейік, павильонды МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси, Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхтар Тілеуберді және Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ашты.
Рафаэль Гросси Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы рөлін атай келе, Қазақстан ядролық қауіпсіздікке үлкен үлес қосып отыр деді. Гросси сондай-ақ МАГАТЭ мен Қазақстан арасындағы көпжылдық ынтымақтастықты атап өткен.
«Бірлескен жұмысымыздағы Қазақстанның маңызды рөлін және оның болашақ жоспарлары туралы сөз қозғау мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның таза атом энергиясын дамыту контекстіндегі ынтымақтастығын жоғары бағалаймыз», - деді Гросси.
МАГАТЭ басшысы сондай-ақ 6 қазан күні Қазақстанда өтетін референдумның маңыздылығына тоқталып, референдумның нәтижесі елдегі ядролық энергетиканың болашақтағы дамуы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«МАГАТЭ қауіпсіздік, қорғау және халықаралық сенім бағдарламаларын қамтамасыз ете отырып, осы маңызды кезеңде Қазақстанды қолдауға дайын», - деді ол.