All about goszakup телеграм-каналында «Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК-на қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарының бұзылғаны туралы ақпарат жарияланды.
Бұл ақпарат құжаттамаға сатып алуға қатысушылардың конкурстық баға ұсынысына әсер ететін критерийлердің енгізілмегені туралы болып отыр.
Мысалы, келісімшарттар тізілімінде жеке тұлға – Мария Абдуллаева көрсетілсе, келісімшартта жеткізуші «Вираж-Сервис Казахстан» ЖШС Атырау филиалы және ұйымның БСН көрсетілген. Келісімшартта «Мария Абдуллаева» компания басшысы ретінде көрсетілген.
«Келісімшарт тікелей жасалды, ал сатып алудың бәсекелі еместігі жеткізушіде көрсетілетін қызметтерге айрықша зияткерлік меншік құқықтары бар екенімен негізделді. ...Тапсырыс беруші жеткізушінің айрықша зияткерлік меншік құқығы бар екенін сілтейді, алайда веб-порталда жеткізушінің нақты не иеленетіні туралы ешқандай ақпарат жоқ», — деп жазылған телеграм-каналда.
22 ақпанда «Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК «Вираж-Сервис Казахстан» ЖШС-мен қаржылық лизинг келісімшарты бойынша көлік құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтерді сатып алу туралы келісімшарт жасады. Келісімшарт құны 118 миллион теңге деп көрсетілген. Содан кейін 27 тамызда келісімшартта баға өзгертіліп, құны 139 миллион 578 мың теңгеге дейін өсті. Келісімшарт бір көзден алу тәсілімен жасалды.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-нан 1 млрд 346 млн 622 мың теңгеге қаржылық лизинг бойынша қызметтер сатып алу 2022 жылғы 26 қазанда жасалған. Қосымша келісім осы жылдың 23 шілдесінде жасалған және 2026 жылдың соңына дейін жарамды.
Жедел жәрдем станциясының директоры Азамат ЕРБОЛОВ сауалға берген жауабында жағдайды былайша түсіндірді: «Көлік құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтерді жеткізуші ретінде таңдау жасауға лизинг беруші «Индустриялық даму қоры» АҚ-ның қаржылық лизингке беру үшін тауарларды сатып алу-сату келісімшартындағы нұсқауы негіз болды. Соған сәйкес шарттардың бірі - авторизацияланған сервис орталығында көлік құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету. Кепілдік мерзімі ішінде машиналарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету өндіруші зауыт белгілеген техникалық стандарттарға (сервис кітапшасы, пайдалану нұсқаулығы) және ҚР нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс болатын. Лизинг келісімшартында техникалық қызмет көрсету және басқа да қажетті шараларды Атырау қаласындағы лизинг беруші ұсынған техникалық қызмет көрсету станциясында жүргізу керектігі көрсетілген.
Бұған дейін жедел жәрдем көліктерін жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары «Grand Diesel Service» ЖШС техникалық қызмет көрсету станциясында жүргізілетін. Алайда, көліктердің ресми дилерлері «Allur Distribution» ЖШС, «Hyundai Trans Auto» ЖШС және лизинг беруші ретінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ техникалық қызмет көрсету станциясын өзгертуді және «Вираж-Сервис Казахстан» ЖШС-мен келісімшарт жасауды ұсынды.
«Вираж-Сервис Казахстан» ЖШС-мен келісімшарт ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының және ҚР Азаматтық кодексінің талаптарын ескере отырып жасалған. Келісімшарт жасау кезінде зияткерлік меншік туралы заңның тармақшасы қолданылмаған. Бұл келісімшарт тараптардың қалауы бойынша жасалған. Келісімшарт жасау кезінде заң бұзушылықтар болған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама саласындағы уәкілетті орган – Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті сотқа тиісті талап арыз беру арқылы келісімшартты бұзу жөнінде шаралар алар еді».
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор