Атырауда 36 жастағы 4 баланың анасы 2015 жылдан бері «көп балалы отбасы» санатындағы баспана кезегінде тұрған. Алайда, 2023 жылдың желтоқсан айында күйеуінің үйге меншік құқығын тіркегені анықталуына байланысты ол тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылған.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, көп балалы әйел тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясының бұл әрекетіне байланысты сотқа шағымданған.
«Сотта ол бұл жер телімінің күйеуіне уақытша пайдалануға берілгенін түсіндірді. Үй салуға қаражаты жоқ отбасы оны сенімхат арқылы сатып жіберген. Ал, сатып алушы жер теліміне 2019 жылы тұрғын үй салып, кейін оны заңмен ресімдеген. Сот талап қоюшының күйеуінің жеке меншік құқығында тіркелген тұрғын үй ғимараты болғанымен, ол тек үй салынған учаскенің иесі болып табылмайтынын анықтады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 73-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тұрғын үй алуға мұқтаж және оны алғанға дейін есепте тұрған көп балалы аналар мен отбасылар есептен шығаруға жатпайды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот заң талабын ескеріп, көп балалы әйелдің талабын қанағаттандырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясына тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы ананың кезегін қалпына келтіруді міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне еніп, қазіргі таңда жауапкер орындауда.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ