Атырау, 10 қазан 02:36
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Атырауда сегіз мектеп әлі лицензия алмаған

1 012 просмотра
Көрнекі сурет

Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің ақпараты бойынша, биыл сегіз жеке мектеп лицензиясыз жұмыс істеп жатыр. Оның үшеуі былтыр, бесеуі биыл ашылған. Қазір үшеуіне айыппұл салынып, оның біреуінің қызметі тоқтатылған.

Атап айтқанда, бұл - "Кастл Стайл" ЖШС жекеменшік "Парасат"  мектебі, "Atyrau JOO High School"ЖШС, "Sana high school" ЖШС, "Zerdeli international school Atyrau" ЖШС, "Global Growth School", "Nomad School" ЖШС мектеп лицейі, "Bek Consulting", "Dostyq high school" ЖШС, "Pedagog Academy", "QS мектебі Atyrau" жеке мектебі "QSschool Atyrau" ЖШС (саны көп  - Автор).

Департамент басшысының міндетін атқарушы Мұратбек КӘРІМНІҢ «АЖ» ресми сауалына берген жауабында қазір үш мектепке қатысты лицензиясыз жұмысты бастап кеткені үшін айыппұл салғанын хабарлады.

- "Кастл Стайл" ЖШС-інің "Парасат", "Atyrau JOO High School", "Sana high shool» жекеменшік мектептеріне қатысты Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің «тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін» хаттама толтырылып, сотқа жолданып, айыппұл алынды. Сонымен қатар, былтырғы оқу жылында тиісті рұқсатсыз қызмет атқарған жекеменшік мектептерді талап-арыз беру арқылы сотқа жолданды. Қазіргі таңда, бір мектептің, яғни "Atyrau JOO High School" мектебінің қызметі тоқтатылды, - дейді М.Кәрім.

Оның сөзінше, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 57-бабының 1-тармағына сәйкес, заңды тұлғалардың білім беру қызметі Қазақстан Республикасының рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады. ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 28-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, білім беру қызметі лицензияланады. Заңның 40-бабының 2 тармағы бойынша, білім беру ұйымдарында бiлiм беру қызметiмен айналысу құқығы лицензияны алған соң жүзеге асырылады. 

- Жоғарыда аталған заңның 40-бабының 2-1-тармағында, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап алты ай ішінде бiлiм беру қызметiмен айналысуға лицензия алмаған жағдайда білім беру ұйымы сот тәртібімен таратылады.

Сонымен қатар, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 463-бабына сәйкес, тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін шаралар қарастырылады.

Жыл басынан бері 157 мектепте әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-2-бөлігі (Білім беру ұйымдарының балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа қол жеткізуін шектеуге арналған байланыс операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдалана отырып, Интернет желісіне білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтамауы) және 464-бабының 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзу, оның iшiнде лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеу) бойынша талаптар бұзылып, сегіз мектепке әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 26 млн 83 мың 980 теңге айыппұл салынды.

Кәрімнің сөзінше, балабақшаларға тексеру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ 

Ұлттық білім беру деректер қорындағы мәліметке сәйкес, Атырау облысында және қаласында 24 жеке мектеп жұмыс істейді.

Осы мақала сайтта жарияланғаннан кейін "АЖ" редакциясына "Nomad School" лицейінің өкілдері хабарласып, лицейдің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары Ислам МАХАМБЕТОВТЫҢ қолы қойылған хатты жолдады: 

"Білім беру қызметіне лицензия алу үшін құжаттар 2024 жылының 27 тамызда Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне (БССД) жіберілді.

Құжаттарды тапсыру алдында келесі дайындық жұмыстары жүргізілуі тиіс болды:  
- медициналық кабинетке лицензия алу;  
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін дайындау және ТЖД-дан рұқсат алу;  
- спорт залы мен асхананы санитарлық ережелер мен нормаларға сай дайындау ("Білім беру ұйымдарында оқыту жағдайлары мен мазмұнына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар");  
- педагогикалық құрамды 100% жасақтау.

Қазіргі уақытта барлық құжаттарды тексерудің бірінші кезеңінен өттік және келесі кезеңді күтеміз — БССД өкілдерінің мектепке келуі келесі аптаға (16-19 қыркүйек аралығына) жоспарланған".

Айнұр САПАРОВА

14 қыркүйек, 14:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.