Атырау, 10 қазан 02:45
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Атырау облысында қуаты 1,2 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт ​құрылысы басталды

Бейнежазба
1 342 просмотра

Бүгін, 11 қыркүйекте Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың бастапқы құрылыс жұмыстары басталды. Жобаға тартылған инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд АҚШ долларын құрайды.

Салтанатты рәсімге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, сондай-ақ СИБУР-дың басқарма мүшесі — атқарушы директоры Сергей Комышан және Sinopec Overseas Investment Holding вице-президенті Чжао Тецзю қатысты.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа зауыт Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жобаға айналады.

Құрылыс жұмыстары 2029 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Зауытты іске қосу импортталатын полиэтилен көлемін отандық өніммен алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға жол ашады.

Осылайша, жобаның іске асуы ішкі жалпы өнім көрсеткішінің 1,2%-ға өсуіне мүмкіндік береді деп күтілуде. Құрылыс кезінде 8 мыңға жуық жұмыс орны, кешен іске қосылғанда 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба сондай-ақ ел экономикасына мультипликативті әсер беріп, ұқсас салалар мен елдегі жаңа түпкілікті өнім өндірістерінің дамуына ықпал етеді.

Полиэтилен — әлемде ең көп сұранысқа ие пластик, ол экономиканың барлық саласында дерлік қолданылады.

Анықтама үшін:

Жобаны Silleno компаниясы жүзеге асырады, акционерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «Сибур Холдинг» ЖАҚ (30%). Жоба акционерлердің қаражаты мен халықаралық банктерден алынған несиелер есебінен қаржыландырылады. Жоспар бойынша кешен өнімнің көп түрін (22 полиэтилен маркасына дейін)  ұсынады, олардың 40%-ы жоғары сапалы премиум санатқа жатады. Бұған Axens (Франция), Univation Technologies (АҚШ) және Chevron Phillips Chemical (АҚШ) сияқты саладағы әлемдік көшбасшы компаниялармен жасалған лицензиялық келісімдердің арқасында қол жеткізілді. Полиэтилен өндіруге шикізат ретінде этан қолданылады, ол КМГ-ның Газ бөлу кешенінде «Теңізшевройл» компаниясының кен орындарынан алынатын құрғақ газдан бөлінеді. 

Полиэтилен күнделікті өмірде және өнеркәсіпте кеңінен пайдаланылатын бұйымдарды шығаруға, оның ішінде құбырлар, құрылыс және орауға арналған материалдар, автобөлшектер, медициналық жабдықтар және басқа да тауарларды өндіруге қолданылады.


11 қыркүйек, 13:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.