Турнирде Атырау облысы әкімінің орынбасары сәтті өнер көрсетті.
4-8 қыркүйекте Австрияның Фюрстенфельд қаласында (Бад-Лойперсдорф) годзю-рю каратэ-додан әлем чемпионаты өтті. Бұл турнирде тек атыраулық «Қайсар» спорт клубының шәкірттері Қазақстанның намысын қорғады.
Мұнайлы астананың командасы жоғары нәтижелерге қол жеткізді: Инновациялық-технологиялық университетінің 1- курс студенті Дамир НҰРБЕРГЕН «шобу кумите» бағдарламасы бойынша екі жас санатында (U21 және ересектер – 84 келіге дейін) ерекшеленді. Екі номинацияда да алтын алқаға ие болды.
Аса ауыр салмақта (84 келіден жоғары) Бейбарыс ЖАҢБЫР чемпион атанды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары, әрі облыстық спорт және дәстүрлі каратэ федерациясының құрметті президенті Марат МҰРЗИЕВТІҢ турнирге қатысуы жанкүйерлердің ризашылығын тудырды. Марат Бисенғалиұлы ардагерлер арасында қола алқаға ие болды. Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Айбат РАХМАННЫҢ айтуынша, соңғы айларда М.Мұрзиев жұмыс кестесінен уақыт тауып, тынбай дайындалған, нәтижесі міне: әлем чемпионатында үш санат: «шобу кумите ардагерлер», «командалық ката» және «командалық кумите» санаттары бойынша жарыстарға қатысып, тағы бір қола алқаға қол жеткізді.
84 келіден жоғары салмақта «AМӨЗ» ЖШС қызметкері Жүсіпәлі НҰРСҰЛТАН қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ «КТЛ ТШО» ЖШС қызметкері Нұрлан РЫСБЕК пен Жылыой ауданы Ембі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Абылай ТУЕКЕНОВ «командалық ката» бағдарламасында қола жүлдені жеңіп алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
«Қайсар» СК ұсынған сурет