Атырау, 11 қазан 08:26
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

«Техника мен адам күші жеткілікті»: су тасқынынан кейін Атырау облысында бүлінген жолдардың жайы қандай?

Сурет
861 просмотра

«АЖ» өңірдегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек МҰХАНБЕТАЛИЕВҚА бірнеше сауалдар қойған еді.

Атырау облысында су тасқынан кейін асфальт жолдар жырылып, біразы бүлініп істен шыққан болатын.

- Көктемгі су тасқыны кезінде облыста қанша шақырым жол және көпір бүлінді?

- Су тасқыны салдарынан облыс бойынша Қызылқоға, Жылыой, Индер, Махамбет аудандандары мен Атырау қаласы аумағында барлығы тоғыз нысанда 25,4 шақырым жол және алты көпір зақымданған болатын. Осы бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары маусым айында басталды. Қазіргі кезде жұмыстар толық режимде жүруде. 

- «Атырау-Индер» тас жолының бірнеше жері су тасқыны кезінде жырылды. Бірақ әлі сол күйі жатыр. Бұл қашан жөнделеді? Қосымша салынған жанама жолдар ретсіз күйде, екі көлік қарсы келсе апат тудыратындай жағдайда.  Осы трассаның ішкі бөлігінде жөндеу жұмыс жүруде, бұл қашан аяқталуы тиіс еді?

- Облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» тас жолының Атырау қаласына қарасты 17-18 шақырымында және Махамбет ауданының аумағындағы  20-67 шақырымы аралығында бір көпір мен жол қабаттары бұзылған болатын. Қазіргі уақытта уақытша айналма жол салынып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Көпірді қалпына келтіру үшін жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ал бұзылған жол қабаттарын қалпына келтіру үшін «ҚазақДорстрой» ЖШС-мен 759 млн 266 мың теңгеге және «Атыраужолдары» ЖШС-мен 1 млрд 476 млн 252 мың теңгеге келісім шарт жасалған еді. Бұл жұмыстар осы жылдың 4-ші тоқсанында аяқталуы тиіс. 

Сонымен бірге «Атырау-Индер» тас жолының 117-167 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмысы қызу жүруде. Бұл жұмысты мердігер «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС атқаруда. Бұған 5 млрд 666 млн 335 мың теңге қаржы қаралған болатын. Қазіргі уақытта  25 км болатын асфальт жабындысын қырып алынып, айналма жол салынған. Мердігер келісім шарт бойынша бұл жұмысты жыл аяғына дейін бітіріп тапсыруы керек. 

- «Атырау-Орал» трассасы (Махамбет ауданы тұсы) су тасқынында бүлінген, бүгінде екі ортада көлік жүрісі қалыпты деңгейде. Ол жолға қатысты жөндеу жұмыстары қалай болмақ? 

- Бұл республикалық маңыздағы жол болып саналады. Толық қалпына келтіру жұмысымен «Қазақавтожол» АҚ айналысуда. Бүгінде жол жиектерін бекіту жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін бұл жұмыс аяқталады

- Жылыой ауданына қарасты «Атырау-Құлсары» бағытындағы Шоқпартоғай ауылы тұсындағы асфальт жол қарғын су кезінде жырылған болатын. Осы жөнделместен тұр, биыл жасала ма?

- Жылыой ауданы аумағындағы Жем өзенінің тасуы салдарынан Құлсары қаласы мен кейбір ауылдық округтерде көпірлер мен жолдар бұзылған еді. Аудандағы осы нысандардың барлығын қалпына келтіру үшін «Казкомсервис» ЖШС-мен 2 млрд 390 млн 289 мың теңгеге маусым айында келісім шарт жасалды. Қалпына келтіруге жататын барлық жолдардың ұзындығы 12,1 шақырым. Оның 6,8 шақырымына асфальт төселді. Жалпы бұл жұмыстар қазан айында аяқталады деп отырмыз. 

- Индербор кентіне кіреберіс 7 км жол жұмысы қашан аяқталады? Сайларға су өткізгіш салына ма, бұл жерде едәуір көлемде су жатыр. 

- Ұзындығы 7 км болатын облыстық маңыздағы Индербор кентіндегі кірмежолдың орташа жөндеу жұмысымен мердігер «Казсервигруп» ЖШС атқаруда. Жоба құны 550 млн 262 мың теңге. Жұмыстар кестеге сай жүруде. Осы аптаның соңында асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталады. 2024 жылдың қазан айында жұмысты толық бітіреміз деп отыр. 

- Махамбет ауданы Талдыкөл ауылы тұрғындары кірмежолдан қиындық көруде. Бұл туралы не айтасыз?

- Талдыкөл ауылының кірмежолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «АВС Лимитед» ЖШС-мен 2023 жылы келісім шарт жасалған болатын. Жалпы жөнделетін жолдың ұзындығы 6,3 км. Жобаның құны 1 млрд 950 млн теңгеге шықты. Қазіргі уақытта жобаға түзету енгізілуде. 

- Қызылқоға ауданында су тасқыны кезінде бүлінген жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүруде? 

- Қызылқоға ауданында Ойыл өзенінің тасуы салдарынан Қарабау ауылының кірмежолы және облыстық маңыздағы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» асфальт жолының үш көпірі мен 4,3 км жол жабындысы бұзылған болатын. Осыны қайтадан қалпына келтіру үшін «АтырауинжстройАИС» ЖШС-мен 1 млрд 281 млн 402 мың теңгеге, «АссанаДорСтрой» ЖШС-мен 1 млрд 344 млн 551 мың теңгеге келісім шарт жасалды. Жұмыстар қарқынды жүруде.  Жалпы биыл су тасқыны салдарынан бүлінген жолдар жыл соңына дейін қалпына келтірілетін болады. Техника, адам күші жеткілікті.      

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

10 қыркүйек, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.