Атырау, 10 қазан 04:21
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

​Құлсары қаласында 60 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Бейнежазба
732 просмотра

Құлсары қаласының Болашақ ықшамауданында салынып жатқан 100 үйдің 60-ы пайдалануға берілді, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ пен «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасының орынбасары Ләззат ШЫҢҒЫСБАЕВА, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ қатысып, жаңа баспана иелеріне құтты қоныс тіледі.

- Қиын күндер артта қалды. Біз үлкен сынақты абыроймен еңсердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдарын жоюға бар күш-жігерімізді салдық. Нәтижесінде, осы қуанышты күнге жеттік. Осы сәтті пайдалана отырып, жерлестеріме, әсіресе, су тасқынының зардаптарын жоюға белсене атсалысқан барша жанға шексіз алғысымды білдіремін. Жаңа үйлеріңіз бақыт пен берекеге толы болсын. Әр шаңырақта қуаныш орнасын, - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ықшамауданды дамыту бағдарламасы басталғанын айтты. Мұнда келер жылы спорт кешені, Binom мектебі және балабақша құрылысы басталады. Бұдан бөлек, жергілікті мердігер мемекелердің демеушілігімен ашық спорт алаңы салынады.

Баспаналы болған құлсарылық Шолпан НАЗАРОВАНЫҢ қуанышында шек жоқ.

- Автожолшылар ықшамауданындағы үйім суға кетті. Үкіметтен көмек күттік. Міне көп кешіктірмей жаңа пәтерге кірдік. Үйдің іші кең, жарық тіпті, ас үй жиһазы да бар. Өте қуаныштымын, - деді ол.

Типтік үлгідегі үйлердің әрқайсының жалпы ауданы - 100 шаршы метр. Қалған 40 үй қыркүйектің 20-да пайдалануға беріледі. Үйлерге инженерлік инфрақұрылым жүргізілген.

Мұндағы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, 20-сы жергілікті бюджеттің қаржысына салынған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 8 мердігер мекеме жұмылдырылды.


10 қыркүйек, 08:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.