7 қыркүйек Жылыой ауданы Құлсары қаласының бір топ тұрғыны орталық стадионда ҚР президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ, премьер-Министр Олжас БЕКТЕНОВТІҢ, Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ атына видеоүндеу жолдап, наразылық танытты.
- Біз биылғы көктемде қарғын судың кесірінен зардап шектік. Бүлінген баспанамызға берілетін өтемақыны әлі күнге ала алмай жүрміз. Сол себептен тиісті өтемақыны алуды талап етеміз. Бұл талабымызды ел призденті, премьер-министр, облыс әкімі атына жолдаудамыз, - дейді жиналғандар.
«АЖ» тілшіі наразылық танытушылардың бірі, Құлсары қаласының тұрғыны Жанат КАДЕШОВАМЕН тілдескен еді:
- Бастапқы айда баспанамызға су кірмегендіктен әкімдікке шағым айтып барған жоқпыз. Су тасқынынан кейін бір айдан соң 1978 жылы салынған үйіміздің іші сыз тартып, шөп шығып, қабырғалары жарыла бастады. Бұл ата-енемнен қалған үй, бүгінде мұнда балаларым отбасымен тұрып жатыр. Биыл мына үйде тұру мүмкін емес. Кезінде бұл аймақты әкімдік су кеткенде дұрыс тексерген жоқ, қайнымның үйі арамыз 7-8 метрдей. Қайнымның үйі құлап қалып, апатты деп танылды. Арақашықтық жақын болғандықтан менің балаларым тұратын үйге де су жерасты арқылы кірген болуы керек. Сол себептен бұл баспананы қайта қараса дейміз.
Жалпы бұл жайтқа байланысты аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ «Үндеу жасаған тұрғындар бағалау комиссиясының қорытындыларына сәйкес «үйлеріне су кірмеген» болып анықталды» деген жауаппен шектелді. Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі анықтау жұмысы жүріп жатқанынын айтты.
Жалпы тасқын судан жапа шеккен 50-ден астам тұрғын комиссия қортындындысымен келіспей, сотқа жүгінген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба