Қазақстан Республикасы Президентінің 2 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес 2024 жылғы 6 қазанға республикалық референдум тағайындалды. Барлық дайындық шаралары «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңына сәйкес өткізіледі, деп хабарлайды Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясы.
Атырау облысында референдум өткізу үшін 9 аумақтық және 274 учаскелік комиссия құрылды, оның ішінде 11 жабық сайлау учаскесі (ауруханалар, изоляторлар және әскери бөлімдерде). Бұл комиссияларға арнайы дайындықтан өтетін 1974 мүше тартылған.
Облыста республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 391 937 азамат тіркелген. Азаматтардың тізімдерін тиісті жергілікті әкімдіктер тұрғылықты жері бойынша тіркеу негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар тізімге өздері берген өтініш негізінде ғана енгізілуі мүмкін.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін сайлаушылар тізімдерінде бар-жоғын тексеруге көмектесетін онлайн қызметтер мен байланыс орталықтары құрылады. 15 қыркүйектен бастап әкімдіктер азаматтардың тізімдерін учаскелік комиссияларға береді, ал 20 қыркүйектен бастап бұл тізімдер қарау үшін қолжетімді болады.
Үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті және 4 қазан күні сағат 00:00-де аяқталады. Үгіт материалдарын орналастыру орындарының тізімімен аумақтық комиссиялардың сайтында танысуға болады. Дауыс беру 6 қазан күні сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтіп, оның қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады.
Жомарт ӘМІРХАНОВ