Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы Айгүл НӘБИЕВА хабарлады.
Биыл департамент тауар нарығына жоспардан тыс 17 тексеру жүргізіп, нәтижесінде жеті субъектіде заң бұзушылық белгілері анықталды.
- «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» мекемесі сұйытылған мұнай газын көтерме сату саласында монополиялық жоғары бағаларды белгілегені және ұстап тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған сәйкес, бүгінде 162 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынып, бұл қаражат толығымен мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар, «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалы» АҚ жалға алушылармен жасалған келісімшарттарда түрлі бағалар мен түрлі шарттарды қолдану барысында ҚР «Бәсекелестікті қорғау туралы» заңнамасын бұзу фактісі анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Мамандандырылған сот шешімімен бұл мекемеге 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта айыппұл мемлекет пайдасына толығымен өндірілді», — деді А.Нәбиева.
Аталған мекемелерден бөлек, кәсіпорындар мен компанияларды тексеру барысында ҚР бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу фактілері анықталып, 1 млрд 172 млн теңге мемлекетке қайтарылды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ