Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына автобуспен келе жатқан түрік отбасы Атырау облысына жетті.
Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына автобуспен келе жатқан түрік саяхатшы-блогерлері Бурак Дуран мен оның жұбайы Идил Дуран және түрік журналисі Энес Йылдырым Құлсары қаласына жетті. Олар автобуспен (жылжымалы авто үймен) Анкара қаласынан тамыздың он екісі жолға шығып, Астана қаласына бет алған.
«Біз Түркияда көшпенділер ойындары туралы жаңалықтарды жібермей қарап отырдық, кейін дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда өтетінін білгенде, дереу Қазақстанға барғымыз келді. Ұйымдастырушыларға хабарластық. Олар бізге алғыс айтып, ойынды тамашалауға шақырту жіберді. Осылай Қазақстанға келдік», - деді блогер Бурак.
Бурак үшін бұл - өте маңызды оқиға. Ата-бабалары ойнаған осынау ойындарды ұлықтап, көне заманнан қалған ортақ мұраны құрмет тұтып, дәріптеп, көрсеткісі келеді. Бурактың әйелі Идил де қазақ жеріне табан тірегеніне шексіз риза. Ұшаққа билет алып бермек болған Қазақстан үкіметіне алғыс айтып, Түркиядан Қазақстанға автобуспен жетуді жөн көрген.
- Instagram парақшамыз, YouTube арнамыз бар. Көлігіміздің аты – көшпенді (Göçebe). Біздің бағытымыз да көшпенділер ойыны. Бұл жерге көлікпен келуге бола ма деп Қазақстан үкіметінен рұқсат сұрадық, олар келісті. Бірлігіміз жарасқан, тату түркі халқымыз, , - деді Идил Дуран. - Мен аздап толқып тұрмын. Менің түбім Орталық Азиядан шыққанымды көзімнен көруге болады. Түркия азаматымын. Күйеуімді «күйеу бала» деңіздер. Күйеуіме түркі әлемін көрсету, Қазақстанға келу – мен үшін үлкен бақыт. Мұнда келуімізге көмектескен, қолдаған түркі мемлекеттеріне алғысымыз шексіз. Көшпенділер ойындарының түркі әлемі үшін де, бүкіл әлем үшін де маңызы өте зор. Ал біздің мақсатымыз – осыны көрсету, ұғындыру.
Олар автобуспен Түркиядан Грузияға, Грузиядан Бакуға, Бакудан Ақтауға пароммен бет алған. Енді Құлсарыдан Ақтөбеге аттанды.
Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Додаға қатысуға Атырау облысының 3 спортшысы аттанды.
Алыш күресі бойынша Нұржан СӘРСЕНҒАЛИЕВ, дәстүрлі садақ атудан Марат БЕКСҰЛТАН және құсбегілік бойынша Арман ҚОШҚАРОВ бақ сынайды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ