Атырау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды Атырау облысының әкімдігі.
Бүгін, 3 қыркүйекте Ретро-паркте кезекті «Таза саябақ» акциясы өтіп, оған қаладағы түрлі ұйымнан 250 қызметкер қатысты. Қатысушылар газондарды жаңартып, балалар алаңын және қоқыс жәшіктерін тазартып, жасыл желектерді суарып, саябақтың бүкіл аумағынан 50 тоннаға жуық қоқыс шығарды.
Акция қатысушысы «Каспийдормостострой» ЖШС-нің директоры Л.Задерныйдың айтуынша, «Ретро-парк» қала тұрғындары, сондай-ақ, туристер көптеп келетін сүйікті демалыс орындарының бірі болғандықтан, оны тұрақты тазалап тұру маңызды.
- Атыраудағы қалалық сенбіліктерге тұрақты қатысып келемін, мұндай шаралардан қалмауға тырысамын. Қала – ортақ үйіміз, сондықтан, бәріміз таза ұстауға міндеттіміз. Мәдениет және демалыс орындары мұнайлы астананың көркін ашады. Ал ретро-парк қаламыздың айнасы іспетті, оны әсем қылып ұстау маңызды,- деді Л.Задерный.
Қатысушы әр компанияның корпоративтік мәдениетіндегі маңызды шарттың бірі – қоршаған ортаны таза ұстау.
- Әріптестерімізбен бірге іс-шараға қатысып отырмыз. Ретро-паркте санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, қала экологиясына өз үлесімізді қосайық деп шештік. Атыраудың барлық тұрғынын республикалық бағдарламаны қолдауға шақырамын. Бәріміз күш біріктірсек, туған өлкенің табиғатын сақтап қаламыз,- деді «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Б.Құлшаева.
Айта кету керек, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында бекітілген іс-шаралар жоспарында жыл аяғына дейін 19 табиғат қорғау шарасын өткізу көзделген.
Бағдарлама аясында бүгінге дейін 11 сенбілік өтіп, 45 522 адам қатысты, 1016 дана техника жұмылдырылды. Полигондарға 1 378 тонна қоқыс шығарылды.
@TazaQazBot телеграмм-чатына 40 өтінім түсіп, 25-і орындалды, 3-нен өтінім иелері бас тартты, 12-і орындалу үстінде.