Атырау қаласындағы бейбіт күннің батыры Шалқар АҚЫМҒАЛИЕВ түлеп ұшқан білім ордасы Береке орта мектебінде қызмет бабында қайтыс болған полицей есіміне «Кадет сыныбы» ашылды, деп хабарлайды Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сыныптың ашылу рәсіміне полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Нұрхат ОРАЗБАЕВ, Шалқар Ақымғалиевтің анасы Ләззат МҰҚАНОВА мен інісі Мейіржан КӨШКІНБАЙҰЛЫ қатысты.
Тәлім-тәрбиесі, мақсаты ауқымды шарада өзгенің өмірін құтқарып ерлікпен қаза болған полицей Шалқар Көшкінбайұлының өмір жолы, ерлігі, қызмет атқарған жылдары туралы деректер айтылды. Ал кадет сыныбының алғашқы мүшелері өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытудағы алғашқы сабағын бастап кетті.
Қазіргі таңда Атырау облысында ержүрек полицей Шалқардың атына өзі оқыған мектептен бөлек Индер, Жылыой және Махамбет аудандарында кадет сыныптары ашылған.