Атырау, 23 қараша 09:46
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Қарыз шырмауында: Махамбет тұрғындары қара суға зар болып отыр

1 044 просмотра

Махамбет ауданында ауыз су мен жазғы суға деген тапшылық орнаған. Жайық өзенінің іргесінде отырып, қара суға жарымау халықты ашындырып бітті.

- Биыл су тасқынынан кейін суға жарымай-ақ қойдық. Біресе, қысқы су, біресе жазғы су болмай ығырымызды шығарды. Күнделікті суды дүкеннен сатып ішуге халіміз жете бермейді, ол да қымбатсып кеткен. Айналғанда судың зарын тартып отырмыз, өзен дәл қасымызда. Бұл не масқара! Жеміс ағаштарымыз қурап, бақша егу мүмкіндігінен де айырылдық. Неге осы мәселені жергілікті әкімдік шешпейді, неге қара суға қақсытып қояды, - дейді махамбеттік тұрғындар. 

«МахамбетСу» КМК басшысы Мәлік АМАНОВ әкімдіктің телеграмм-чатында былай жауап берген: «Атырау-Жарық» АҚ-ның аудандағы филиалы «МахамбетСу» кәсіпорнын ток көзінен ажыратты. Себебі, мекеме электр қуаты үшін қаражат төлей алмай, бережағымыз 9 млн теңгеге жетіп, өтей алмай отырмыз. Өйткені, тұрғындар мекемеге қарызын өтемей отыр, таза суға 9 млн, жазғы суға 11 млн бережақ. Шілде айында таза су алып отырған 1599 үйдің 138-і, жазғы суды тұтынған 1371 үйдің 70-і ғана төлем төлеген. Махамбет пен Сарытоғай ауылдары үшін бізге мемлекеттен субсидия қарастылмаған». 

Бірақ мұнымен жергілікті тұрғындар келіспейді.

«Жазғы суды жарытпадыңдар, ал ауыз суды сағатпен беріп жүйкемізге тидіңдер. Алмаған суымыздың ақшасын қалай төлейміз? Егер су жүйелі жүріп тұрса, ешкім мекемеге қарыздар болып қалмайды» дейді көпшілік.

Осылайша су жайы ауданда текетіреске айналған. 

- «МахамбетСу» КМК «Атырау-Жарық» АҚ-на пайдаланған электр қуаты үшін 2024 жылғы 21 тамызға есептегенде 9 млн бережақ болып, су тазарту қондырғысын ток көзінен ажыратып тастаған болатын. Қазіргі таңда 2,4 млн теңге қарызын өтеп, кепілдеме хатпен ток көзі қайта қосылып, су беру жұмыстары жүргізілуде. Махамбет ауылындағы жеке үйлерді аралап, түсінік жұмыстары жүргізілді. Жаз басталғалы судан кідіріс болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бюджеттен қаражат бөлініп, №1 су тазарту қондырғысына жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ №2 су тазарту қондырғысының жабдықтарын ауыстыру да қарастырылуда. 5 қыркүйекте іске қосамыз, - дейді аудандық ТҮКШ бөлімі басшысы Жігербек ТӨЛЕУҒАЛИЕВ.

- Аудандағы су тазарту қондырғылары (бұдан әрі СТҚ) ескіріп, жұртшылық наразылығын тудырып отыр. Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? 

- 2023 жылы облыстық бюджеттен аудандағы 12 СТҚ қайта жаңғырту үшін ЖСҚ жасақтап және сараптамадан өткізуге 134 млн 393 мың теңге қаралды. Бүгінде 12 ауылдың (Ақжайық, Ортақшыл, Есбол, Сарайшық, Ескі Сарайшық, Талдыкөл, Бейбарыс, Ақтоғай, Сарытоғай, Алға, Жалғансай, Таңдай) СТҚ сараптамасы алынып, жалпы құны 4 млрд 851млн теңгенің құрылыс жұмыстары басталды. Аудандағы барлық СТҚ жөндеуді қажет етіп тұр еді. Бәрінің тозығы жетіп, он жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген болатын. Осы елді мекендерде СТҚ арқылы таза су беру маусым айынан бері тоқтатылды. Осы жылдың қазан айында толық жұмыстары біткесін іске қосылады. 

- Таза ауыз суға қолы жетпей отырған елді мекендердің жайы не болып жатыр?

- СТҚ жоқ Есмахан, Көздіқара, Атамбаев, Бала Ораз елді мекендеріне ауыз су авткөлікпен тасымалданып жатыр. Осы елді мекендерге іргелес отырған округтерге СТҚ жобалау жұмыстары жүргізіліп, сараптамадан өтті. Келісім шарттар бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы құны 1 млрд 134млн теңге. Жұмыс жүріп жатыр, дегенмен су тасқыны кесірінен кеш басталды. Ал, мердігер 2-3 айда құрылыс жұмысын толық аяқтаймыз деп отыр, - деді Ж.Төлеуғалиев.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

2 қыркүйек, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.