Парламент Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысының Исатай, Құрманғазы аудандарында болып, аудандық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды senate.parlam.kz.
Онда азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелер, соның ішінде кәсіпкерлер үшін белгіленген салық мөлшері, жайылымдық жерлер, нысандардың құрылысындағы кідірістер және жолдың сапасына қатысты проблемалар талқыланды. Сенатор көтерілген мәселелерді жедел шешу қажет екенін және бұл түйткілдер депутаттық қызметте назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Сонымен қатар депутат Сенаттың заң шығару қызметі туралы айтып, қоғамның дамуына елеулі ықпал ететін және әлеуметтік-экономикалық салаға оң өзгерістер әкелетін негізгі заңдарға тоқталды.
Әлібек Нәутиев Исатай ауданының Томан ауылындағы электрмен жабдықтау желісінің және медициналық пункттің қызметімен де танысты. Сондай-ақ Құрманғазы елді мекеніндегі оңалту орталығының және Атырау-Астрахань тас жолы құрылысының жай-күйіне назар аударды.