Су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғындары үшін «Болашақ» ықшамауданында жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын осы типтегі 100 тұрғын үйді салу туралы шешім қабылданды.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ мәліметінше, 2024 жылдың 21 маусымында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Атырау облысы әкімдігі арасында 80 тұрғын үй салу туралы келісім жасалған. Қалған 20 үйдің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Қазіргі таңда 94 үйдің қабырғасын қалау, 88 үйдің шатырын жабу, 79 үйдің сылақ жұмыстары аяқталды. 87 үйге электр жарығы, 40 үйге су, 60 үйге кәріз жүйесі тартылды.
Жұмысқа жергілікті сегіз мердігер ұйым мен 450-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Осы жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы 80 үйдің құрылысы аяқталады. Қалған 20 үй 15 қыркүйекте пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, «Болашақ» ықшамауданының тоғыз көшесіне 3,2 шақырым жол салынып жатыр.
– Жұмысты уақытында аяқтау үшін күндіз-түні жұмыс істеуге жұмысшылар көбірек алынады. Ең бастысы, сапаға жіті көңіл бөлінеді, – дейді Н.Құсайынов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА