Басты рөлдерді мүгедектігі бар адамдар сомдаған қойылымда отбасылық өмірдің қиындықтары мен қуаныштары көрініс тапты.
Атырауда «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының мүшелерінен құрылған “Талшын» инклюзив театры көрерменге алғаш рет қойылымын ұсынды. Арбаға таңылған мүгедек жандар «Жастар» мәдениет үйінің үлкен сахнасында драматург Әлімбек Оразбековтың пьесасы негізінде қойылған “Бір түп алма ағашы» отбасылық драмасын сахналады.
Әуесқой әртістер «Атырау жастары» театрының негізін қалаушы, режиссер ҚАЙЫРЛИЕВА Гүлнұрдың жетекшілігімен қойылымға үш ай бойы күнде дайындалған.
Көрерменнің ықыласына бөленген әртістердің бірі - Жасұлан ҚАБДУЛОВ бұрын көлік жөндеу саласында қызмет еткенін айтады.
- Жол апатынан кейін мен өмірім төрт қабырғада өтеді деп ойладым. Бірақ «Біз де адамбыз» қорына келгеннен бастап өмірім күрт өзгерді. Апатқа дейін мен СТО-да жұмыс істедім, сахнада өнер көрсетемін деп ешқашан ойламаппын. Бұл керемет тәжірибе болды. Біз осы қойылымда жанымызды салып жұмыс істедік, әрбір реквизитті өзіміздің үйімізден әкелдік. Біздің күш-жігеріміздің көрермендерге әсер еткенін көру – ең үлкен марапат. Бұл жоба маған біздің мүмкіндіктеріміз шексіз екенін көрсетті және біз бұл ойды басқаларға жеткізе алғанымыз үшін мақтанамын, – деп өз әсерімен бөлісті әртіс.
«Талшын» инклюзив театры «Біз де адамбыз» қорының жобасы. Авторы - Гүлназ ҚОСМУРЗИЕВА. Осы жылы жұмысын бастаған ұжым алдағы уақытта да көрерменді жаңа қойылымдармен қуантпақшы. Сондай-ақ жоба жетекшісі сахнаға шыққысы келетін мүгедектігі бар таланттарды қолдауға әзір екенін жеткізді.
- Театр қатысушылары кейіпкерлердің барлық эмоцияларын шынайы жеткізе алды. Халықтың көз жасы мен эмоциясын көріп, одан сайын қанаттана түстік. Мұндай жоба біз үшін, яғни мүгедектігі бар әртістерге басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға, төрт қабырғаға қамалмай, уақытымызды тиімді өткізуге мүмкіндік береді,- дейді жоба авторы Гүлназ Қосмурзиева.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ