Атырауда 19-21 тамыз аралығында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Мәлік Сүлейменовтің жүлдесіне арналған республикалық турнир өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оған Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу мен Қызылорда облыстары және Астана қаласынан келген 150-ден аса спортшы қатысты.
- Ересек ерлер мен әйелдер арасында екі күн қатарынан ауыр және жеңіл салмақтағы палуандар белдесті. Бұл турнир республикадағы үлкен үш доданың бірі. Сондықтан спортшылар бар өнерін көрсетіп, жоғарғы ұпай жинауға тырысты. Ұпайы көп палуандар желтоқсан айында өтетін, қомақты жүлдесі бар «Дала қырандары» республикалық турниріне жолдама алады, - деді Атырау облысы «Тарлан» қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Аманбай Қыздарбаев.
Турнир қорытындысына сәйкес, түрлі салмақ дәрежесіне қарай жүлделі 1-ші орынды иеленгендер:
- 55 келі Атырау облысы - Бекет Жүніс;
- 60 келі Атырау облысы - Бекарыс Мұратұлы;
- 66 келі Жетісу облысы - Рауан Алтынбек;
- 74 келі Жетісу облысы - Арман Есқазиев;
- 82 келі БҚО - Нұрсұлтан Мурзахметов;
- 90 келі Қарағанды облысы - Мұхит Қарғабай;
- 100 келі Қарағанды облысы - Ерқанат Молдағұлов;
- +100 келі Жетісу облысы - Жансерік Жұмабай.