21 тамызда аймақ басшысы Серік Шәпкенов Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында Құлсары қаласына барып, тасқыннан зардап шеккен әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмысымен және Болашақ ықшамауданындағы 100 үйдің құрылысымен танысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары бүлінген қалаішілік жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстарымен танысудан басталды. Құлсарыда ұзындығы 12,1 км болатын 18 көше қайта жаңартылады. Қазіргі уақытта 6.8 км жол жөнделді. Жұмыстарды жыл соңында аяқтау жоспарданды.
Су тасқынан 5 мектеп, 3 балабақша және 1 саз мектебі зардап шекті. Техникалық зерделеу барысында 3 ғимарат жарамсыз ден танылып, қалғанына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Кейін аймақ басшысы №8 орта мектепке және «Өркен» балабақшасына барды. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Оқу жылы басталғанша пайдалануға беріледі.
Бұдан кейін Серік Шәпкенов 100 үйдің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта 94 үйдің қабырғасы қаланып, 85-нің төбе жабындысы жабылды. 60 үйге сылақ, 42 үйге әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде 62 үйдің терезесі қондырылды. Инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталып келеді.
Облыс әкімі құрылысқа бақылауды күшейтіп, қарқынды жеделдетуді тапсырды. Аймақ басшысы 1 қыркүйекке дейін 80 үйді, 5 қыркүйекте 20 үйді тұрғындар игілігіне беруді міндеттеді. Сондай-ақ, жаңа ықшамауданға тас жол төсеу жұмыстарын бастау қажеттігін атап өтті.
- Қиын кезең артта қалды. Біздің міндет - қалыпқа келтіру жұмыстарын уақытылы атқарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бар күшті салу. Жүз отбасы қоныстойын жасауды асыға күтіп отыр. Уақыт аз, бірақ, үйсіз қалған азаматтарымызды да ойлау керек. Сондықтан қарқынды күшейтіңіздер,-деді С.Шәпкенов.
Сонымен қатар Серік Шәпкенов Binom мектебі мен оқушылар сарайын салуға дайындық жұмыстарын бастау қажеттігін атап өтті.