«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қытайға сапары барысында CNOOC International Limited және CITIC Group компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді. Онда геологиялық барлау, мұнай өндіру және өңдеу саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
CNOOC басқарма төрағасы Ван Дунцзинмен өткен келіссөз барысында барлау саласында ынтымақтастық орнату ниеті туралы келісімге қол қойылды. Тараптар перспективалы барлау жобалары бойынша бірлескен геологиялық зерттеулер жүргізуге және Қазақстан аумағында көмірсутек кен орындарын игеруге қызығушылық танытты.
CITIC Group директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуамен кездесуде Ақтау битум зауытының («Caspi Bitum» БК» ЖШС) қуатын жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін арттыру жобасының орындалу барысы қаралды. Құрылыс жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында басталады деп жоспарланған.
«Қазақстан CITIC Group компаниясымен мұнай-газ саласында 15 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Біз стратегиялық әріптестігімізді жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті А. Хасенов.
ҚМГ басшысы зауытты 2025 жылдың наурыз айында (жол-құрылыс жұмыстары маусымы басталғанға дейін) іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, жоба кестесін тәулік бойы жұмыс режимімен өзгертуді ұсынды.
Тараптар зауыттарда технологиялық жабдықтарды жедел дайындау мүмкіндігін және оны Caspi Bitum-ға жеткізу логистикасын оңтайландыруды талқылады.
Кездесулерде тараптар Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық әлеуетін жоғары бағалап, оң серпінді атап өтті.