Атырау, 23 қараша 12:53
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда 38 миллионға сатып алынған қоғамдық дәретханалар жұмыс істемейді

933 просмотра

Салық төлеушілердің ақшасына сатып алынған «алтын дәретханалар» масқара күйде және жұмыс істемейді.

Еске салсақ, осыдан төрт жыл бұрын әкімдік облыс орталығының әр ауданына табиғи қажеттілікке пайдалану үшін қымбат бес ғимарат орнатқан болатын. Олар кәріз және электр желілерін қосқанда бюджетке 38 миллион теңгеге шықты.

Сол кезде қоғамдық дәретханаларда қағаздан бастап гигиеналық құралдарға дейін қажеттінің бәрі болады деп айтылды. Бастапқыда ол жердегі тазалық пен тәртіпке «Арнаулы автобаза» ЖШС жауапты болса, әрі қарай модульдік павильондарды жеке қолға сенімгерлік басқаруға беру жоспарланды.

Мұнайлы «астананың» тұрғындары мен қонақтарының әлеуметтік желідегі көптеген шағымымен танысқан тілшіңіз 5 тамызда қоғамның мәдени дамуының айнасы, сондай-ақ қалалық орта мен гигиена сапасының көрсеткіші ретінде маңызды рөл атқаратын қоғамдық дәретханаларды аралап көрді. Рейд барысында фото және бейнежазба түсірілді.

Жеңіс саябағына кіре беріске жақын орнатылған алғашқы павильонда мәдениеттің иісі де сезілмеді. Ерлер кабинасы ашық күйде, адам төзгісіз сасық иіс шығып тұрды. Мұнда гигиеналық құралдар болмады, ал әйелдерге әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабина жабық болды.

Келесі нүкте – Исатай мен Махамбет алаңы да адам көп жиналатын жер, әсіресе кешкі уақытта. Ал мұнда павильонның әйелдерге арналған бөлігі ғана жұмыс істеп тұрды, ал ақша аудару үшін телефон нөмірі жапсырылған қағаз қызметтің ақылы (50 теңге) екенін көрсетті. Шүберек ілінген әжетхананың терезесінен дыбыстағанымызға ешкім үн қатпай, әрі қарай кеттік.

«Орал» мейрамханасының маңында жағалауда орналасқан дәретханада «Сантехникалық жұмыстар жүріп жатыр!» деген жазуы бар дәптердің парағы жапсырылған, оның жанында «Ашық – Открыто» деген жазу ілулі тұр.

«Авангард» ықшамауданының соңғы аялдамасы мен Д.Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайының дәретханалары да құлыптаулы. Барлық жерде дерлік есік тұтқалары сынғанын атап өткен жөн.

Атырау қаласы әкімдігіне жазбаша сауал жолдап, «алтын әжетханалардың» осындай аянышты күйге түсуінің себебін сұраған едік.

Қалалық әкімдік қазір қалада бюджет қаражатына сатып алынған тоғыз қоғамдық дәретхана барын хабарлады. Біздің рейдімізде қамтылмаған қалғандары Қ.Смағұлов алаңында, Жастар саябағында, Неке сарайында және Ретро саябақта орналасқан.

«Қоғамдық дәретханалар инженерлік жүйелерге қосылмағандықтан және пайдалануға дайын болмағандықтан жұмыс істемейді. Қазіргі таңда үш қоғамдық әжетханада (Жастар саябағы, Неке сарайы, Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйі) инженерлік желілерге қосу жұмыстары жүргізілуде», - делінген әкімнің орынбасары Тілек МАХУОВ қол қойған жауапта да.

Тағы үшеуі – Авангардтың соңғы аялдамасында, Исатай және Махамбет алаңдарында және «Орал» мейрамханасының жанындағы дәретханалар кәсіпкерлерге («Дәулетова Р.Қ.» ЖК, «STATUS-2» ЖШС, «Кисимова Д.» ЖК) сенімгерлік басқаруға берілді. Олар дәретханаларды күтіп ұстауды, жөндеуді, тәулік бойы күзетуді қамтамасыз етуге, таза және жинақы ұстауға міндетті. Сондай-ақ олардың қоғамдық дәретханаға баратын азаматтардан табыс алуға құқығы бар.

Бұл ретте тоғыз нысанның барлығы да қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында және оларды күтіп ұстауға немесе жөндеуге бюджеттен ақша бөлінбейді.

Әкімдіктің жауабы осындай. Бұған комментарий айту артық болар.

Лев ГУЗИКОВ 

Суреттерді түсірген автор

21 тамыз, 16:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.