Алматыдан Атырауға ұшқан ұшақта жолаушылардың бірі жедел миокард инфарктын алып, әуе кемесі 15 минуттан соң әуежайға оралды. Ұшақ жерге қонғаннан кейін 67 жастағы атыраулық азамат жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылып, шұғыл түрде Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген.
Науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Кардиогендік шок орын алып, қан қысымы төмендеді, қатты ентігу, ауырсыну байқалды. Оған шұғыл жасалған коронарлық ангиографияда үш тамырдың зақымданғаны анықталды. Былайша айтқанда, жүректің қанмен қамтамасыз етілуі 4% ғана болды. Мұндай жағдайда шұғыл отасын жасау қажет.
Сондықтан Алматы Қалалық кардиологиялық орталық мамандарымен кеңейтілген консилиум ұйымдастырылды. Бастапқыда науқасты ашық ота жасау үшін басқа ауруханаға ауыстыру керек деп жоспарланған. Бірақ науқаста айқын жүрек жеткіліксіздігі пайда болып, оны басқа ауруханаға жеткізу қауіпті болып, клиникада артерияға стент қою ұйғарылған. Ота сәтті шығып, науқас үш күннен кейін жансақтау бөлімінен палатаға шығарылған.
№4 қалалық клиникалық аурухананың рентген-эндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің меңгерушісі Асқар НАРЫНБАЕВ ұшақтың жылдам уақытта әуежайға қайтып келуі – науқастың өмірін сақтаған шешім болғанын атап өтті. Егер борт кері қайтарылмағанда, Атырауға жеткенше жүрек тоқтап, науқас қайтыс болуы мүмкін еді.
Ауруханаға түскен ер адам үйіне Атырау қаласына кетіп бара жатқан. 67 жастағы отағасы үш бала тәрбиелеп отыр. Қазір зейнеткер. 20 жыл бойы туған жерінде шағын азаматтық авиацияның ұшқышы болып еңбек еткен. Айтуынша, отадан кейін өзін жақсы сезінеді және ертең үйіне ұшып кетуді жоспарлап отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ