Атыраулық тауар өндірушілер 23 тамызда Абай орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы.
Естеріңізге сала кетейік, «Бір ауыл — бір өнім» жобасын Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» жобасы аясында ШОБ қаржылай емес қолдау мақсатында іске асыруда. Оның негізгі мақсаты — жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді қалыптастыру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру. Жобаға қатысушылар қатарында тұрғындар, кәсіпкерлер, стартаперлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жергілікті шикізаттан тауар өндірушілер болады.
Биыл «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында көрме-жәрмеңке аймақта екінші рет өткізіліп отыр. Оған қала мен аудандардан 30 тауар өндіруші қатысады. Ол 23 тамыз күні сағат 10:00-де жұмысын бастайды.
«Көрме-жәрмеңкеде азық-түлік, оның ішінде кондитерлік, сүт, ет, консервіленген өнімдер, жартылай фабрикаттар ұсынылады. Бұдан басқа, жергілікті тұрғындар шығаратын ұлттық киім, тоқыма, құрылыс материалдары бар. Кез келген адам қалауы бойынша өзіне ұнаған тауарды қарап, сатып ала алады. Аталған іс-шараны ұйымдастырудағы біздің мақсатымыз — жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерін көпшілікке насихаттау», — дейді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.
Көрме-жәрмеңке қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санынан жобаның екінші кезеңіне өтетін 10 өндіруші іріктеледі. Одан әрі олардың арасында бренд-комитеттің шешімімен өңірлік турдың үш жеңімпазы таңдалады. Осы мақсатта Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан бренд-комитет құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлікті дамыту институттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бизнес субъектілері мен сарапшылар кірді.
Айта кетейік, «Бір ауыл — бір өнім» жобасының жеңімпаздарына маркетингтік сүйемелдеу, өнімді (тауарды) брендтеу мен сертификаттауға және тауарды экспортқа шығаруға көмек көрсетіледі.