Атырау, 23 қараша 12:22
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қала мектептері жаңа оқу жылына дайын ба?

564 просмотра

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА брифингте осы сауалға жауап берді. Оның сөзінше, қалада бес мектепте қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның төртеуі жаңа оқу жылына дейін дайын емес.

Биыл бірінші сыныпқа 10 151 бала оқуға қабылданған. Оның 84 пайызы – қазақ сыныбына, 16 пайызы – орыс сыныбына. Балаларды бірінші сыныпқа оқуға қабылдау 1 сәуірде басталған. Қабылдау мерзімі 30 тамызға дейін жалғасады. 

Қалада 65 мектеп бар. Оның 31-і қазақ тілінде, екі мектеп – орыс тілінде, ал 29 мектеп – аралас мектептер.

- Атырау қаласында жыл сайын демографиялық өсім артып отыр. Оны біз қабылданып отырған бірінші сынып оқушылары санынан байқап отырмыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда, 3000-5000 балаға дейін мектеп жасына толған. Қалада 45 мемлекеттік балабақша бар. Балабақшалардағы орын тапшылығын азайту үшін 3-4 жас және 4-6 жастағы балаларды қабылдайтын мектепалды даярлық топтары, яғни 0-сыныптары ашылған. Қаладағы 42 мектепте осы мектепалды даярлық топтары, яғни 0-сыныптары ашылған. Бүгінде 129 қазақ тобы, 12 орыс тобы бар. Онда жалпы 3400 бала оқытылады. Сонымен қатар, мектеп жанында бірінші сыныпқа дайындау, мектепке бейімдеу мақсатында «Балақайлар мектебі» мектепалды бағдарламасы іске асырылып отыр. Бағдарлама балабақшаға бармаған және мектепалды даярлық тобынан шыққан бала өзінің сынып жетекшілерімен танысып, оқу дағдыларын қалыптастыру секілді мектепке бейімдеуға арналған, -деді А.Дүйсекенова.

Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан бес мектеп – бұл былтыр да күрделі жөндеу жұмысы аяқталмай қалған Сәтпаев атындағы №19 мектеп, Гагарин атындағы №4 мектеп, Атамбаев атындағы №8 мектеп, Байтұрсынов атындағы №23 мектеп және Дамбы елдімекеніндегі Амангелді орта мектебі.

Дүйсекенованың сөзінше, №19 мектептің жөндеу жұмысы биыл қазан айының аяғына дейін бітеді деп жоспарланып отыр. Ал Дамбы елдімекеніндегі Амангелді орта мектебі өз оқушыларын 1 қыркүйекте қабылдайды. «Мектептің күрделі жөндеу жұмысы бітіп, қазір онда тазалау жұмыстары  жүріп жатыр» дейді қалалық білім бөлімі басшысы.

- Күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмайтын мектептердің оқушылары жақын маңда орналасқан мектептерде жөндеу аяқталғанға дейін оқиды. Атырау облыстық білім беру басқармасымен келісіп, бұйрық бойынша сабақ кестесі жасақталды. Мектеп әкімшілігі оқушылардың ата-анасымен осы жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. №8 мектеп оқушылары №14 пен №20 мектептерде уақытша оқиды. Оқу бағдарламасын толық қамту үшін үш ауысымда оқиды. №23 мектеп оқушылары Привокзальный ықшамауданындағы №24 мектепте оқытылады. №4 мектептің жоғары сынып оқушылары №31 мектеп-гимназияда, ал төменгі сыныптар №4 мектептің өзінің бастауыш сыныптарға арналған жапсаржайында оқиды, - дейді А.Дүйсекенова.

Оның сөзінше, биыл былтырғы сараптама қорытындысымен төрт мектеп апатты деп танылды. Оның оқушылары қасындағы мектептерге көшірілді. Бұл мектептер бұзылғасын орнына жайлы мектептер салынады.

- Былтырдан бастап Ломоносов атындағы мектеп оқушылары Жангелдин атындағы және Мақаш Бекмұхамбетов атындағы мектептерде оқыды. Биыл да солай оқиды. №30 мектептің оқушылары қасында орналасқан екі колледж бен білім-инновациялық лицейінде оқиды және былтыр орыс сыныптарын Тайманов атындағы мектепке тасымалмен оқыттық. Авангард ықшамауданындағы №19 мектептің күрделі жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін №30 мектептің орыс сыныптары сол мектептің ғимаратында оқытылады деп жоспарлап отырмыз. №11 мектептің ғимараты бұзылды. Орнына 2000 орындық жайлы мектеп салынады. Бұл мектептің оқушылары №2 және №5 мектептерде биыл да оқиды. Сәбит Мұқанов атындағы №10 мектеп оқушылары №27 және №34 мектептерде жаңа мектеп салынғанша мектеп әкімшілігімен бірге сонда көшті, - деді қалалық білім бөлімі басшысы.

Дүйсекенова мектептегі қауіпсіздік мәсәлесіне де тоқталды. Оның сөзінше, төрт апатты мектепті санамағанда 61 мектеп 3823 бейнекамерамен жабдықталған: 2966 ішкі камера, 857 сыртқы камера. Камераларды полицияның орталықтандырылған жедел басқару орталығы жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кабинеттерде дыбыстық камералар қондырылып жатыр. Мердігер - «Қазақтелеком» АҚ. Мектептерді күзету қызметі мамандандырылған күзетке тапсырылды. 64 мектептің 35-інде оқушылар мен мұғалімдерге қолжетімді жерде дабыл түймелері іске қосылды.

Айнұр САПАРОВА

21 тамыз, 12:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.