1 шілдеде кешкі сағат тоғыз жарымдарда Жұлдыз ықшамауданындағы №3 көшеде Nissan-Primera көлігі қатты жылдамдықпен БАЙМҰХАНОВТАР отбасының ауласына кіріп кетіп, сол жерде тұрған жаңа көліктің артқы есігін бүлдіріп, үй қабырғасына соққан.
20 жастағы жүргізушінің айтуынша, жолаушылар оны пышақпен қорқытқан соң, ол көлік рөліне ие бола алмай қалған. Үй иелері ең алдымен көшеде ойнап жүрген екі кішкентай ұлдарын іздеуге тұра ұмтылған. Сол кезде жолаушылар машинадан секіріп түсіп, қашып үлгеріпті.
– Мен осыдан он күн бұрын ғана 1,7 млн теңгеге «Лада Гранта» көлігін несиеге сатып алған едім. Соққыдан үй қабырғасында жарық пайда болды. Бізге енді зиянды кім өтейді? – дейді ашынған үй иесі Алмагүл ЕСЕНДИЯРОВА.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, қазір Баймұхановтар отбасының арызы бойынша жол полициясы тексеру жүргізіп жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ