Щучинск қаласында Жас геологтардың VII Халықаралық далалық олимпиадасының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті.
Олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғызстаннан бес команда, сондай-ақ Қазақстанның әр аймағынан 16 команда қатысты. 8 күн бойы 9-11 сынып оқушылары далалық тұрақ ұйымдастыру, қауіпсіздік техникасы, палеонтология, магнитометрия, минералогия, петрография, шлихті сынау, гидрология, мұнай мен газды іздеу, геологиялық бөлім, геологиялық маршрут сияқты пәндерде бақ сынады.
Халықаралық есепте Ресейден келген «Прикамья жас геологтары» командасы, екінші орынды «Жас геологтар» командасы (Беларусь), ал үшінші орынды «Aspan» командасы (Қазақстан құрамасы) жеңіп алды.
Республикалық есепте бірінші орынды «Сарыарқа» командасы (Қарағанды қ.), екінші орынды «Альтаир» (Астана қ.), үшінші орынды «Геобайт» командасы (Қостанай қ.) иеленді.
Жеке есепте жеңімпаздар еліміздің үздік жоғары оқу орындарында оқуға алты грант алды. Артем Трещев, Аяна Өтебаева және Сағыныш Қазиева Satbayev University оқу гранттарын жеңіп алды, Алдияр Мүбәрәкша Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын, ал Жанарыс Нәсиполла мен Жұбанышбек Кенжеғали С. Өтебаев ат. Атырау мұнай және газ университетінің гранттарын жеңіп алды.
Іс-шараның салтанатты жабылуына ҚР Өнеркәсіп министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров, Kazakhmys Barlau атқарушы директоры Қадыржан Қауылдашев, Семей қ. Геологиялық барлау колледжінің директоры Назигүл Минаева және Qazaq Geophysics директоры Бекасыл Аукешев қатысып, жас геологтарды құттықтап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Олимпиаданы ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің қолдауымен «Жас геолог» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Демеушілері –Kazakhmys, ERG, Kazzinc, Atlant Minerals, Yer-Tai, Теңізшевройл, GeoKen, Техноарт компаниялары. Олимпиаданың мақсаты – жастарды ерте кәсіптік бағдарлау, оқушылардың геология ғылымдарын оқуға деген қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтап, оларды қолдау, оқушылардың назарын геоэкология және жер қойнауын қорғау мәселелеріне аудару.