Алматылық қонақтардың Атырау облысына сапарының мақсаты – Қазақстанның батыс өңірінің туристік әлеуетін зерделеу, өңірдің маршруттары мен рекреациялық аймақтарына талдау жасау, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Зерттеуші ғалымдар тобы алғаш барған нысан – ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттардың дүниежүзілік желісіне кіретін Ақ Жайық табиғи қорығы. Қазіргі уақытта қорық туристер үшін ашық және саяхаттың екі түрі - қайықпен серуендеу және жаяу жүргінші маршрутын ұсынады. Қорық аумағы - 110 500 гектар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рекреациялық география және туризм кафедрасының зертхана меңгерушісі Александр Артемьевтің айтуынша, университет өткен жылы еліміздің батыс өңірінің туристік әлеуетін зерттеуге грант ұтып алған. Жұмыс тобының құрамына ғалымдар, зерттеушілер, гидрогеологтар, туристер мен экономистер және басқа да сарапшы мамандар кіреді.
– Мамандар Қазақстанның батыс аймағындағы туризмді тұрақты дамыту мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарын аралап, бүгін Атырауға да жеттік. Лотос алқаптарын, Сарайшықтың көне қонысын, Ақкегершін үстіртін және Атырау қаласының көрікті жерлерін аралауды жоспарладық. Әріптестерімізбен бірге Атырау облысының әкімдігі мен туризм басқармасымен бірлесіп, өңірдің әлеуеті мен туристік маршруттары бойынша ғылыми-зерттеу базасын құруды көздеп отырмыз.
Ғалымдар Атырау облысының туристік әлеуетін зерделеуді, деректерді жинақтауды және өңірдегі туристік орындарға бару бойынша ұсынымдар жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, мамандар болашақ ұрпақ игілігі үшін табиғи және басқа да ресурстарды сақтай отырып, маршруттарды жоспарлауға ниетті.