ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (ТМРАД) темір жол ведомстволық ғимараттарына жылу энергиясын жеткізетін «Теміржолжылу - Атырау» ЖШС үшін уақытша өтемдік тарифті бекітті.
ТМРАД жетекшісі Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА хабарлағандай, департамент 2012 жыл үшін тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті қарап шығып, кәсіпорынның 5,4 млн теңгеден астам мөлшерде негізсіз табыс алғанын анықтады.
Тексеру қорытындылары бойынша ТМРАД ЖШС үшін 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін 11 224, 64 теңге/Гкал мөлшерінде өтемдік тарифті бекітті. Ол асып кеткен мөлшердегі табыс сомасы өндірілгенше қолданыста болмақ.
«Табиғи монополиялар туралы» заңға сәйкес, уақытша өтемдік тарифті табиғи монополия субъектісінің тұтынушыларға тигізген шығындарын өтеу мақсатында өкілетті орган бекітеді. Мұндайға, атап айтқанда, өкілетті орган бекіткен тариф деңгейінен асып түсетін төлемдерді өндіру; тарифтік сметада қарастырылған амортизациялық жарналарды мақсатсыз пайдалану; бекітілген тарифтік сметада қарастырылған шығындардың 5 пайызынан асатын қаржыны игермеу жатады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА