Нұрадин Шамшатов20 маусым күні «Атырау жылу желілері» АҚ (АЖЖ) кеңсесінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облыстық департаменті мен АЖЖ басшыларының кездесуі өтті. Тақырыбы – монополистің 2012-2014 жылдарға ыстық су мен жылу тарифтеріне қосқан инвестициялық бағдарламасы.
ЕНДІ ҚАРАЙ БЕРІҢІЗ
АЖЖ президенті Нұрадин ШАМШАТОВ баяндама оқыды. Оның айтуынша, кәсіпорын бойынша үш жылға салынған инвестиция 909,14 млн теңгені құрайды. Бірінші жылы компания 369,7 млн теңге пайда көрді және игерді. Атап өтсек, Говоров көшесінен «УС-99» ӨТКБ ЖШС базасына дейін 540 метрлік жылу магистралының диаметрі 320 мм-ден 500 мм-ге өсірілді – бұған 32,1 млн теңге ақша кетті. Осы жобаның бір бөлігі ретінде темір жол үстінен арка шығарылды – төртбұрыш формасында жасалған құбыр 23 млн теңгеге салынды. Биыл өткізу қабілеттерін арттыру бойынша жұмыстар «УС-99» ӨТКБ ЖШС-тен Елшібек арқылы әйелдер түзету колониясы арасындағы учаскеде жалғастырылады. Қазір Привокзальный жылуды қалалық орталық бөлігінен алады, ал бұл желі шамадан тыс жүктелген. Қайта жарақтағаннан кейін Привокзальныйдың ЖЭО-на тікелей шығатын жолы болады және бұл қаланың жылу жүйесінің айналмалы болуына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, өткен жылы орталық көпір тіреулерінде орналасқан 500 миллиметр диаметрлі жылу желісіне қосымша 426 миллиметрлік желі салынды. Көпір ішіндегі жарты метрлік құбыр 1974 жылы салынған еді және 2005 жылдың өзінде-ақ қаланың оң жақ бөлігінің кеңейген жерлерін жылыта алмады. Осыған байланысты АЖЖ көп пәтерлі үйлерді салушыларға орталық жылыту жүйесіне қосылуға арналған техникалық талаптарды беруден бас тартқан. Қазір бұл мәселелер шешілді, енді АЖЖ осы автономды жылу жүйесіне көшкен үйлердің орталық жылумен қамту желісіне қосылуына мүдделі болып отыр.
- Жылуды сол жақ жағалаудан оң жаққа жіберу 90%-ға арттырылды. Енді Құлманов көшесі бойындағы, Сарыарқа ықшамауданындағы №№39 және 40 үйлерді және сол жерде болашақта тұрғызылатын пәтерлерді жылумен қамтамасыз ететін мүмкіндік бар, - дейді Н. Шамшатов.
МИЛЛИАРДТЫҚ МӘСЕЛЕ
Нұрсаяны қамту мәселесі қиындау. Ықшам аудан қаладан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан және магистралды желілер салынбаған.
- Бұдан бір жарым жыл бұрын Нұрсая бағытына жылу желісін салу қолға алынған-ды. Жобалау жұмыстары басталған. Алайда бюджетте ақша болмай, жоба басталмай жатып, тұрып қалды. Жалпы құнын да ешкім білмейді, жобалау аяғына дейін жеткізілген жоқ. Жұмыстар, кем дегенде, миллиард теңгеге шығады-ау деп ойлаймын. Бұл жоба тұрғындар үшін өте маңызды, - дейді Н. Шамшатов.– Мен Нұрсая ықшам ауданындағы жылу қазандықтарының үнемі істен шығып қалатынын білемін. Жалпы, жылу беруде құбырлардың қақтанбауы үшін химиялық тазаланған, тұзсыздандырылған су пайдалану керек. Ал қазір жылу беру бекеттері құбыр суын пайдалануға мәжбүр болып отыр. Тұрғындар өз үйлерін ЖЭО жылыту жүйесіне қосуға өтініш білдіруде, алайда мұны орындайтын бізде қаражат жоқ.
ТМРАД басшысы Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА да өз пікірін білдірді:
- Нұрсая бағытында жылу желілерін салу мәселесін тез арада шешу керек. Біз облыстық әкімдікке қалыптасқан жағдайды сипаттай отырып, бұл мәселені сапалы жылу беру қызметін алу бағытындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында шешу керек екендігін баяндайтын хат дайындаймыз. Біз қалыс қала алмаймыз. Сонымен қатар, жылу желісін салу шығындарын 2015-2017 жылдарға арналған жылу тарифіне қосу мәселесін де талқылайтын боламыз.
АЖЖ-ның күрделі құрылыс жөніндегі вице-президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ:
- Егер Нұрсаяны жылу қазандықтарымен жылытуды жалғастыратын болсақ, бұл дұрыс жылытылмайтын, ақша төлемейтін проблемалары бар екінші Балықшыға айналады. Нұрсаяда тұрғын үйлермен қатар көптеген әлеуметтік нысандар салынып жатқанын ұмытпайық, оларға да тұрақты жылыту керек қой.
- 2011 жылғы қазанда 2012-2014 жылдарға арналған шектік тарифті бекіту кезінде оған құны 909 млн теңге болатын инвестициялық бағдарламаны қосқанда жылу тарифі екі есеге көбейген еді. Енді бұған Нұрсая ықшам ауданында жылу желілерін салуды қосса, тариф қаншаға артады?
Менің бұл сұрағыма кездесуге қатысушылардың бірде-бірі жауап бере алмады.
Ағымдағы жылда 325,24 млн теңге шамасында инвестиция белгіленген. Привокзальный бағытындағы жылу желісін кеңейтіп, барлық орталық жылу бекеттерін аспаптармен қамтамасыз ететін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ