Сол жылдардағы газеттер: «Мәңгілік біздің жүрегімізде», «Бұл жерге халық сүрлеу жол салмайды» деп жазған еді... Обелиск орнатылғаннан кейін 56 жыл өткен соң ол ресми түрде қараусыз деп танылды.
ХХ ғасырда азамат соғысы (1917 – 1922 жж.) әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде сол кезде Орал облысына қарайтын Гурьев уезіне де әсерін тигізді.
1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін де мамыр айында Гурьевте жұмысшы және солдат депутаттарының бірінші Кеңесі (Совдеп) сайланды. Мұнымен қатар халықтың ауқатты бөлігінде бір жыл бойына жаңа тәртіпке наразылық көтеріліп, 1918 жылы наурызда Кеңес өкіметі құлатылды. Депутаттар Кеңесінің ең белсенді мүшелері – он шақты адам тұтқындалып, 10 шілдеге қараған түні ақ казактар оларды Пешнойға (30-шы жылдарға дейін бұл нағыз арал болды) алып кетіп, сол жерде атып тастады. Ал олармен бірге – Астрахань депутаттар кеңесінің өкілдері де болды. Өлім жазасына кесілгендердің нақты саны әлі белгісіз...
20-жылдардың басында, уезде Кеңес өкіметі түпкілікті орнаған кезде, өлім жазасына кесілгендер қала орталығындағы – болашақ қалалық саябақтың аумағындағы бауырластар зиратына қайта жерленді (бұл жер учаскесін қала әкімдігі зиратымен бірге жеке құрылыс салушыға сатып жіберді, ал енді оны мемлекет меншігіне қайтару үшін соттасып жатыр). Осы ғасырда бұл қабірлер жеке тұлғалардың бастамасымена сүйектерді христиан зиратына көшіру үшін қайтадан бұзылды.
Ал Пешнойда қанды оқиғадан жарты ғасыр өткен соң, 1968 жылы 11 шілдеде ескерткіш тақтасы бар обелиск орнатылды. Ондаған жылдар бойына халық көп жиналатын митингілер өткізетін, гүл шоқтарын қою рәсімдері және экскурсиялар өтетін орын болды. Тек Кеңес өкіметі жылдарында ғана емес, мысалы, Атырау мұнай және газ университетінде «Мирас» туристік-өлкетану клубы жұмыс істеген кезде Вячеслав Афанасьевтің жетекшілігімен көптеген студенттер, мектеп оқушылары, жалпы туған өлке тарихына бей-жай қарамайтын және қызығушылық танытатын жандардың барлығы Пешнойға баратын.
Қазіргі Пешной – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының (МТР) аумағы және шекаралық аймақ, оған арасында адамдар аяқ басса да, бұрынғыдай оңай бара алмайсың. Резерватта туризм бөлімі жұмыс істейді, оның қызметкерлері қорық алқаптарына экскурсия жүргізеді. Қазіргі уақытта обелиск мүшкіл жағдайға жеткен: металл табанын тот басып, шіріп кеткен, бетон тұғыры жартылай қираған, атылғандардың есімдері жазылған ескерткіш тақта сынып қалған.
«АЖ» сауалына қалалық әкімдіктегілер обелисктің мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енбегенін, ешкімнің балансында тұрмайтынын, иесіз екенін, сондықтан оны жөндеуге ақша бөлінбегенін хабарлаған болатын.
«Алайда, қазіргі таңда Дамбы ауылдық округінің әкімдігі бұл тарихи мекенде қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды тазалау және шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта тарихи обелискіні сақтау мен қалпына келтіруді жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», - делінген әкім орынбасары Тілек МАХУОВТЫҢ қолы қойылған хатта.
Айтпақшы, соңғысына сену қиын. Дәлірек айтқанда, сену мүмкін емес. Қаланың тарихи орталығын қалпына келтіру үшін қазынада бір тиын болмаса, қамыс басқан түбектегі иесіз обелискінің ешкімге керек емесі анық. Өз тарихымызға осылай қарайтын болсақ, мемлекет басшысының елдің туристік әлеуетін барынша пайдалану туралы (кеше ол туризмді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді) барлық үндеуі мағынасыз әрі бос.
Лев ГУЗИКОВ
Автордың мұрағатынан алынған суреттер