Атырау, 18 маусым 18:41
 ашықВ Атырау +26
$ 452.92
€ 484.99
₽ 5.12

Парламент сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын мақұлдады

413 просмотра
https://www.parlam.kz/

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, заң жобасы президенттің сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз ету және судьялардың кәсіби деңгейін арттыру қажеттілігі туралы тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжат Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамашылдығымен, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дайындалған.

«Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту. Заң жобасына енгізілген түзетулерді 3 бағытқа бөлуге болады», - деді Бекназаров.

Бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіру.

Сот жюриімен сот ісін қарау кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуының әрбір фактісі бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексерудің жаңа тетігі енгізіледі. Бұл судьялар тарапынан заңбұзушылықтарды болдырмауға оң әсерін тигізеді.

«Ұсынылып отырған норма аясында жоғары тұрған сот тарапынан төменгі тұрған соттың істі қарауы барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықталған жағдайда, облыстық немесе Жоғарғы Соттың төрағасы тиісті пленарлық отырыста судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді. Пленарлық отырыстың қандай да болса шешіміне қарамастан, заңдылықтың өрескел бұзылу фактілері бойынша барлық материал тексеру үшін Сот жюриіне жіберіледі», - түсіндірді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешімдерді Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың пленарлық отырыстары қабылдайды. Нәтижесінде іс жүзінде Сот жюриіне осындай бұзушылықтардың азғантай ғана бөлігі (26%-ы ғана) қарауға түседі.

Конституциялық заң жобасында Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған. Оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енеді.

Түзетулердің екінші бағыты Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгертуді қамтиды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырып келген өлшемшарттар қатарынан бірнеше талап, оның ішінде «адамгершілік қасиеттері» өлшемшарты алынып тасталады, себебі ол бойынша бағалауды Сот жюриі, судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстары да жүзеге асырады.

«Конституциялық заң жобасы бойынша судьяның кәсіби қызметін бағалауды қолданыстағы нормаларда қарастырылғандай бір жылдық қызметінің нәтижелері бойынша емес, алғашқы үш жылдық нәтиже бойынша жүргізу ұсынылады. Өйткені судьялар бір жыл ішінде олардың кәсіби біліктіліктілігін толыққанды бағалау үшін жеткілікті көлемде істерді қарап, тиісті тәжірибе жинақтап үлгермейді», - дейді сенатор.

Сондай-ақ Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға қарау нәтижесі бойынша судьяны атқаратын лауазымына сәйкес деп тану туралы шешім шығару және оны Сот төрелігі Академиясының біліктілікті арттыру курстарына жолдауына қатысты өкілеттіктер берілуі ұсынылады. Бұл тетік судьялар корпусының сапасын арттыруды көздейді.

Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімдерін Жоғары Сот Кеңесі қарайды. Жоғары Сот Кеңесі олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайды, атап айтқанда, судьяны атқаратын қызметінен босату немесе одан бас тарту туралы, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы және тағы басқалар.

Ал түзетулердің үшінші бағыты судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге қатысты.

«Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойғы қамтылым төлемінің мөлшеріне қатысты түзетулер қаралған. Сонымен бірге, судьяның сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалмен танысу мүмкіндігін, сондай-ақ тәртіптік істі қарауға жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалармен толықтырылады», - деді Бекназаров.

 

14 маусым, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.