Аудан әкімдігінің телеграмм чатында әбден қажыған Махамбет және Сарытоғай ауылдарының жергілікті тұрғындары судан көрген қорлығы мен зардабы туралы мәселе көтеруде. «АЖ» тілшісі де осы телеграмм чатқа кіріп, ауыз судың тапшы болу себебін анықтамақ болып, өзін таныстырып, ұялы телефонын жариялауы мұң екен, неге екені белгісіз, дереу ол чаттан бұғаттап тастады. Тұрғындар Жайықтан тазартылмаған суды тұтынуға мәжбүр.
- Айтарымыз көп, одан да аяқтай келіп, мән-жаймен танысқаныңыз жөн болар еді. Қасық суға зар қылды ғой, - дейді Ұлболсын апа күйінішпен.
«ПМК» деп аталып кеткен ықшамауданда он бес шақты жергілікті тұрғын баспасөз өкілін қарсы алды.
- Қалай күйінбейсің, жан-жағымыз ағыл-тегіл су, ал біз суға жарымай отырмыз. Үш ай болды, ауыз су жоқ, қақсып отырмыз. Айтқандары өтірік, барып себебін сұрасақ арқамыздан қағып, ертең боладымен шығарып салады. Водовоз барады дейді, келсе де жетпейді, қайдан аламыз енді суды. Шөлден қатырды ғой, шаршадық, шыдамымыз бітті, өте қиын жағдайда отырмыз. Бүгін тағы насосныйға барып келдім, баяғы күй, баяғы уәде беру, бара беруге ұялады екенсің. Бұл қашанға дейін жалғасады, неғылған бассыздық, қашанғы алданамыз. Облыстық әкімдіктің телеграмм чатына жаздық. Олар да шарасын алмайды, енді өзеннен шелектеп тасуымыз қалды, - дейді Жалғас ЛИКЕРОВ пен Александр БУКИН.
- Жолдасым екінші топтағы мүгедек, өзім таяққа сүйеніп қалғанмын. Дүкеннен 19 литрлік суды сатып алып ішіп отырмыз, оны қашанғы аламыз, - дейді Ұлболсын АБИЛТАЕВА.
- Осы жерде қоныстанғанымызға 30 жылдан асты. Дәл осындай суға мұқтаждық бұрын-соңды болған емес. Осы су тасығалы судың проблемасы басталды. Бау-бақшамыз бар еді, жазғы су тағы жоқ, бәрі қурап болды. Жайықтың іргесінде отырмыз, бірақ су жоқ. Су тазарту қондырғысына Жалғасбай ағай екеуміз бардық, бір бөлшегі жанып кетті, сұрастырып жатырмыз, келмей жатыр дейді, тағы басқа проблемаларын айтады. Айдың күннің аманында, ашық-жарықта бұл не сұмдық? Сумен қамтуды әкімшіліктен талап етеміз. Ішетін су жоқ, төтенше жағдай жариялау керек, - дейді Бердеш МЫРЗАХМЕТОВ.
Көпшіліктің ұйғармымен су тазарту қондырғысына бардық. Түстікке ерте болса да есігінде қара құлып тұрды.
- Бұл Шонаев су тазарту қондырғысы. Бұдан осы ауылдың жарты жұрты су алады. Қайдан су болады, мұнда құлып тұр ғой. Олар жұмыс жасауды қойған ба, ең болмаса күзетші де жоқ, - дейді Николай РЫЖКОВ күйінішпен.
Көшеде кездескен махамбеттіктер тек судың проблемасын жеткізумен болды. Әбден тығырыққа тірелген халық водовоздың да жетпейтінін айтады. Бір водовоз су бес мың теңге тұрады. Ауыл халқын төрт водовоз сумен қамтуда.
Сарытоғай ауылында су тазарту қондырғысы жөндеуге тұрғызылған. Қалың халық жазғы су құбырынан тазартылмаған суды тұтынуда, ол да жетпейді.
- Мына мен тұрған үйден 50 метр жерде өзен бар, көшенің шетінен санағанда үшінші үйміз. Жасым 74-тен асты, осы кезге дейін суға мұқтаждықты көрмеппін. Жеміс ағаштары шөлден қаталап тұр, су болмағасын жемістері піспей еріксіз түсіп жатыр. Ауыл халқы малмен және жаз кезінде ауласына бау-бақша егіп күнелтіп отыр еді, осы мүмкіндіктен биыл бізді айырды. Басшылардың айтуынша жазғы су құбыры тасқынға байланысты тұрғызылған бөгет астында қалған. Енді құбырды сол бөгет үстімен жүргіземіз дейді, ол қашан іске асады? Осы жерде үш құбыр жатыр, үшеуінің бойында ылғал жоқ, -дейді махамбеттік Балта САПИЕВ.
«Махамбет-Су» КМК директоры Мәлік АМАНОВ: «Су қашан қалыпқа түсетінін айта алмаймын»
Ауданда қысқы, жазғы сумен қамтушы «Махамбет-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынына тиесілі. КМК 2023 жылдың 7 наурызында құрылып, бастапқыда 15 су тазарту қондырғыларын иелікке алған. Мекеме директорының айтуынша су тазарту қондырғылары 2011-2017 жылдары пайдалануға берілген, содан бері еш жөндеу көрмеген. Сарытоғай ауылындағы СТҚ жөндеуден өтпесе, алдағы қысқа шыдамайтын көрінеді.
- Мекеме жаңадан құрылғаннан кейін ауылдардағы СТҚ-ын сенімгерлікке басқаруға алғанбыз. Биыл Махамбет пен Сарытоғай ауылының қысқы суын қоса тапсырды. Наурызда мекемеге осы екі ауылдың жазғы суын тағы қосып берді. Жазғы су құбырларының көбі жарамсыз екен, оларды жөндеуге тура келді. Жалпы жазғы су Махамбет ауылына өзеннен алты жерден тартылған. Плавушкалар Махамбет ауылы округінің балансында болған. Сол плавушкадан тарайтын жазғы су құбырларын өзен жағасын бекіту кезінде «Павлодар өзен порты» АҚ ескермей істен шығарған. Алайда АҚ ол кінәсін мойындап, қалыптағыдай жөндеуден өткізу үшін барлық керек-жарағымызды алып берді, - дейді «Махамбет-Су» КМК директоры Мәлік Аманов.
- Су жетпестігі неден туындап тұр, себебі неде? Қашан қалыпқа келеді.
- Жаз шықты, ауыл халқы жеміс ағаштарын суарып, бау-бақша өсіргісі келеді. Айналып келгенде бұл ауыз су тапшылығын туындатып тұр. Жоғарыда айттық қой, жазғы су құбырлары алты жерден тарайды деп, соның үшеуін іске қостық, қалғанына мүмкін болмай отыр.
Мәлік Аманов су тасқынына байланысты тұрғызылған бөгетті көрсетті.
- Өзеннен тартылған жазғы су құбырлары осы бөгет астында қалған. Бөгетті бұзуға бізге рұқсат бермеді, енді құбырларды биіктігі төрт метр болатын бөгет үстімен жүргізу мәселесі туындады. Енді оған қосымша қаржы бөлінді, конкурс жеңімпазын күтіп отырмыз. Жеңімпаз қашан анықталатынын білмеймін, сол себептен ауыз су проблемасы қашан шешілетінін нақты айта алмаймын.
Махамбет ауданында осы су проблемасына байланысты округ әкімі мен орынбасары өз еріктерімен жұмыстан кеткен. Уақытша округ әкіміне тағайындау жүргенімен ауыз су мәселесінің шешілетініне жергілікті тұрғындар күмән келтіруде. Қажыған жұртшылық індет болып кете ме деп қорқады, «егер ауыз су проблемасын шешпейтін болса, аудандық әкімдіктің алдына жиналамыз, басқа амалымыз қалмады» деп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор