Атырау, 21 желтоқсан 07:05
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

4 581 просмотра

Қазанға жолдама бар!

Қарағандыда дзюдодан жастар арасында (23 жасқа дейін) Қазақстан чемпионаты өтті.

57 келіге дейін салмақта 1-ОРАБЖСМ шәкірті Назгүл Құбашева барлық қарсыластарын «иппон» (таза жеңіс) тәсілімен жеңіп, Қазанда болатын Бүкіләлемдік универсиадаға қатысу құқығына ие болды. Назгүлді Ж. Қиянов жаттықтырады.

70 келіге дейін салмақта қола медальға Фаиза Әділбаева (бапкері А. Сағынғалиев) ие болды. Ерлер арасында Табиғат Мағауияұлы (73 келіге дейін) мен Кенжебек Күзембаев (100 келіден аса) «қолаға» қол жеткізді. Екеуі де - бапкер А. Қыздарбаевтың шәкірттері.

***

 

Жас жүзушілер жарысы

Орталық жүзу бассейнінде («Мұнайшы» СК) балалар арасында Атырау қаласының ашық біріншілігі өтті.

Жас ерекшелік нормативтерін орындаған жас жүзушілер жүзуден облыс құрамасының өзгермелі құрамына қосылып, орталық бассейнге күніне 6 сағат жүзумен шұғылдану құқығына ие болды. Жүзу қашықтығы біреу – 50 метр.

Нәтижесінде үздіктер қатарына Дамир Айтайұлы (арқамен жүзу, кроль), Диар Ғизатов (брасс), Егор Ковальчук (кроль), Мариям Мусаева (арқамен жүзу), Эллона Суркова (кроль), Диас Иманшапих (баттерфляй), Тәңірберген Жұбанов (арқамен, кроль), Тимур Шолохов (брасс, кроль), Нұртай Қазиев (арқамен, кроль), Алтынай Мұқышева (баттерфляй, арқамен), Венера Жәңгірова (брасс, кроль), Богдан Ибадлаев (кроль), Александр Зыков (кроль) және Виолетта Шильман (арқамен, кроль) қосылды.

***

 

 

Қыздарға бәрі рұқсат 

1-БЖСМ-нде тоғызқұмалақтан қалалық турнир өтті.

«Классика» санатында орындар төмендегіше бөлінді (1,2,3 орындар сәйкесінше): 2001-02 ж.т. ер балалар - Равиль Төлешев, Сұлтанбек Ихсанғалиев, Нұршат Жолдасов; 2001-02 ж.т. қыздар – Назым Таяубай, Дина Нұрмағамбетова, Биба Төлеуова; 2003-04 ж.т. ер балалар – Жандос Ғилажев, Нұрсұлтан Игілік, Нұрым Ғилымов; 2003-04 ж.т. қыздар – Әсемай Серікқали, Аружан Төлеуіш, Диана Үмбетқалиева; 2005-06 ж.т. ер балалар – Аяулым Абай, Орынбек Арынғазы, Шұғыла Жақсыбаева (Бас төреші Ж. Қадыралиеваның ескертпесі: қыздар ер балалар арасындағы жарысқа қатыса алады, ал ер балаларда ондай құқық жоқ); 2005-06 ж.т. қыздар – Амира Бекенова, Ақерке Жеңісова, Аяулым Жолдасова. Сондай-ақ, қалалық спорт бөлімінің «блиц» санатында да медальдар ойнатылды.

***

 

Шабуыл қарқынды болмақ

14 маусымда «Судоремонтник» стадионында «Атырау»футбол клубының басшылығы жанкүйерлерге маусым айындағы трансферлік терезе кезінде алынған бесойыншыны таныстырды.

27 жастағы сербиялық шабуылшы Ненад ИНЯЦ (бойы 188 см) Сербияның «Бежания» футбол клубынан (Нови-Београд) келді. Ол онда соңғы болып 8 гол соқты. Екінші шабуылшы – 22 жастағы Алексей ЩЕТКИН (бойы 193 см). Соңғы 4 маусымда ол «Жетісуда» (Талдықорған) ойнаған болатын.

Черногориядан келген 26 жастағы жартылай қорғаушы Милош СТОЙЦЕВ өткен маусымда «Ақжайық» (Орал) үшін ойнап, 13 гол соққандығымен танымал.

32 жастағы жартылай қорғаушы Олександр СТАХИВ Украинадан келген. Бірақ, таяуда қазақстандық азаматтық алды. Осы жылы ол 1-ші лигада «Қызылжар» (Петропавл) үшін ойнап, өткен лигада «Қайсар» (Қызылорда) үшін ойнады.

31 жастағы қорғаушы Ренат АБДУЛИН «Атырау» ФК-на келмей тұрып, әр жылдары 5 қазақстандық командаларда ойнады: «Локомотив» (Астана), «Тобыл» (Қостанай), «Восток» (Өскемен), «Қайсар» және «Ордабасы» (Шымкент).

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

***

 

 

Палуандар отбасы 

Бішкекте Қожамқұл батырды еске алуға арналған еркін күрестен халықаралық турнир өтті.

Қазақстан құрамасы бұл жарыс-тарға екі құраммен қатысты. Мақаттық палуан Айдарбек Баймұратов (55 келіге дейінгі салмақта) қола медаль ұтып алды. Ол үш белдесуде жеңіске жетіп, жартылай финалда алаң иесіне жол берді. Айдарбек 2011 жылғы Қазақстан чемпионы және ұлттық құрамада өз салмағындағы №1 палуан болып есептеледі.

Айдарбекті әкесі Сембай Баймұ-ратов жаттықтырады. Сәке – КСРО спорт шебері, 1988 жылғы Қазақ КСР чемпионы және Кеңес Одағының Батыры Александр Покрышкин атындағы бүкілодақтық турнирдің 1989 жылғы жеңімпазы.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

***

 

Футбол ардагерін еске алды

«Ривьера» стадионында футбол ардагері, ұлттық дәрежедегі төреші Камали Иманғазиевты еске алуға арналған мини-футболдан 1-ші облыстық турнир өтті.

Турнирге «Ветераны», «Локомотив», «Болат», «Каспий», «Махамбет», «Мелиоратор», «КеденТрансСервис» және «Аламан» командалары қатысты. Ойын нәтижесінде 1-орынды «КеденТрансСервис», 2-орынды «Махамбет», 3-ші орынды «Аламан» командалары иеленді. Қақпашы Ғалымжан Әміров, қорғаушы Нәбижан Қуанышев, бомбардир Бейімбет Үлкенбаев турнирдің үздік ойыншылары деп танылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

***

 

Армандар орындалады

8-9 маусымда Алматыда Қазақстан халықтарының достығына арналған грек-рим күресінен VII ашық республикалық турнир өтті. Жарысты түрік диаспорасы ұйымдастырды.

Турнирге Атырау облысынан 9 спортшы қатысты. 50 келіге дейінгі салмақта №1 облыстық интернаттың шәкірті Артем КАРЕПАНОВ қола медаль алды. Осы интернаттың келесі бір шәкірті Игорь ФИЛЮШИН 3-орын үшін белдесуде талдықорғандық палуаннан ұтылып қалды. Бұл балалардың көрсеткен өнерін сәтті деуге болады, өйткені әрқайсысы 4 белдесуде жеңіске жетті.

Артем мен Игорь екі жылдан бері «Жас Батыр» спорт кешенінде күреспен шұғылданып келеді (бапкері Рашид МУСИН). Сонымен қатар олар футболды да жақсы ойнайды. Палуандар турнирінен кейін қос спортшы футболдан «Арманмен кездесу» балалар үйінің шәкірттері арасындағы республикалық турнирге қатысу үшін Алматыда қалды. Бас жүлде  Барселонаға 10 күндік сапар болатын. Нәтижесінде атыраулық команданы Астана қаласының командасы бір доп айырмасымен ұтты. Балалар төрешілердің «аяқтан шалғанына» сенімді.

Бұл келеңсіз жайт атыраулық интернат шәкірттерінің спортпен қарқынды шұғылдануларына еш бөгет болмайды деп сенеміз. Алайда балаларға жарыстарға бару, жақсы тамақтану және спорттық киімдер алу үшін демеушілердің қолдауы керек.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

***

 

 

Қаржы полициясы турнирі 

Қаржы полициясы органдары күнін тойлау қарсаңында «Балықшы» ДСК-нде мини-футболдан Атырау облыстық Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері арасында турнир өтті.

1-орынды экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу басқармасы қызметкерлері, 2-орынды қосалқы қызметтер командасы, 3-орынды тергеу басқармасы иеленді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

***

 

Еркін күресте бақ сынасты

Дене шынықтыру және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен «Жас батыр» спорт залында еркін күрестен облыстық турнир өтті.

Өз салмақтарында келесі спортшылар турнир жеңімпаздары атанды: Н.Мұхтаров, Дастан Әлімжанов, Мейрамбек Бекіш, Айдос Қизатов, Алтынбек Қосекен (Мақат ауданы), Нұржан Тұрланов, Әлфараби Ақжігітов, Ерік Жакенов, Данияр Бекеев және Абай Лұқпанов.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.