Атырау, 25 қараша 22:29
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Таланттарды аудандардан іздейміз»

3 771 просмотра

Бакуде өткен дзюдодан «Grand Slam» санатты халықаралық турнирде атыраулық Асхат ТЕЛМАНОВ күміс медаль алды. Бұл жетістіктің артында не тұр? Бүгінгі күнгі жас дзюдошылардың деңгейі қандай? Осы және басқа да мәселелер туралы облыстың жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Бимырза ТАЙЖАНОВПЕН әңгімелестік.

«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Бимырза Амангелдіұлы Тайжанов, 43 жаста, республикалық және бүкілодақтық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, спорт шеберлігіне кандидат, бапкерлік өтілі - 20 жыл. Өткен жылдың қарашасынан бері облыстық жасөспірімдер құрамасының аға бапкері.

- Біздің жасөспірімдер дзюдосы басқа өңірлермен салыстырғанда қандай деңгейде?

- Қазір бізде 3 жас ерекшелік топтары: жоғары топ – 1996-97 ж.т.. орта топ – 1997-98 ж.т., кіші топ – 1998-99-2000 ж.т. жасөспірімдер шұғылданады. Бірінші және екінші орын алғандар үшін облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының қолдауымен 12 күндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Осылайша біз облыстың жасөспірімдер құрамасын қайта жасадық.

Қазір Қазақстан бойынша дзюдоны дамыту бағытында жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатында командалық бірінші орын алған Қызылорда облысы өте өнімді жұмыс жасап жатыр. Сондықтан  біз олармен келісімге келіп, Қызылордада бірлескен 16 күндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік.

Содан кейін ақпанда Семейде 1996-97 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Онда біздің палуанымыз Қанат Сейілхан 50 келіге дейін салмақта чемпион атанды. Қанат Ыстыбаев «күміс» алса, Фархад Серіков, Әнел Сүлейменова және Эльмира Самиғоллаева «қола» иеленді. Қорытындысында құрамамыз 16 команда арасында 7-орын алды. Қанат пен Фархадтың тамызда Майамиде өтетін әлем чемпионатына жолдама алғаны бәрімізді қуантып тастады. Өткен 3 жылда бізде жасөспірімдер арасында жақсы көрсеткіштер болмаған еді. Жарыстарға қатысты, алайда жүлде алып көрген жоқ.

Тарихқа көз жүгіртсек, біздің облыс дзюдодан Қазақстан бойынша мықты болатын. Асхат Телманов, Наурызбек Майлашев, Ержан Қабделов, Серікбол Нұраллин («Азия чемпионы, Ақтөбеге көшіп кетті) сияқты палуандар талай додада топ жарды. Қазір біз жоғарыда атап өткен спортшылар қолданған әдістемеге қайта оралдық.

- Бұл қандай әдістеме?

- Мұнда ең маңыздысы, облыс аудандарының үздік палуандарын жинап, оларды бірге жаттықтыру. Содан соң солардың ішінен мықтыларын таңдап алу. Қызылқоға, Исатай, Махамбет, Индер аудандарында және Құлсары қаласында жақсы дзюдо мектептері бар.  Біз осы балаларды өз уақытында сабақтарынан босатып, Атырауда жинағанның арқасында үздіктерін таңдап алдық. Содан кейін олардың сәтті өнер көрсетулерінің арқасында республикалық жарыстардағы бұрынғы беделімізді қайтардық.

Наурызда Ақтауда 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ол жарыс Еуразиялық Ойындарға іріктеу сыны ретінде ұйымдастырылды. Мұнда 90 келіге дейінгі салмақта Райымбек Ашықбаев чемпион атанды. Әнел Сүлейменова «күміс» алды. Нәтижесінде екеуі де Еуразиялық Ойындар жолдамасына ие болды.

Қазір біз 27-28 маусымда Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында өтетін 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысушыларды дайындау үшін оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Саян Қайырғалиға, Айболат Ыстыбаевқа және Армат Исқазиевқа сенім артып отырмыз.

- Алғашқы дайындық топтары шәкірттері арасында қандай жетістіктеріңіз бар?

- Мұнда 2000-01-02 ж.т. балалар шұғылданады. Сәуір айында Мәскеуде ірі халықаралық турнир өтті, соған 8 бала алып бардық. Серікболсын Шынтасов пен Ермек Амангелдиев қола медальға қол жеткізді. Ол жерде жеке сайыстармен бірге командалық есеп те жүргізілді. Жарысқа 16 ел қатысты. Біздің облыс құрамасы еліміздің намысын қорғау мәртебесіне ие болды. Бұл команда құрамында С. Шынтасов, Бекарыс Тәжіғалиев, Бекарыс Иманқұлов, Е. Амангелдиев, Дулат Аманқосов, Дәурен Әбілхайыров және тағы басқалар өнер көрсетті.

Күні кеше палуандарымыз Бішкекте болған турнирден келді. Ол жерде С. Шынтасов жеңімпаз атанса, Жәнібек Телманов «қола» ұтып алды.

- 2013 жылдың басында күрес ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы не айтасыз?

- Бұлар жекпе-жектердің қарқынын жылдамдатты. Шап беріп ұстаған бойда лақтыруың керек. Палуандарға ескерту – шидо беру тәртібі де өзгерді. Егер бұрын екінші ескерту үшін қарсыласқа «юко» бағасы қосылып, ал үшінші ескертуге «вазари» - жартылай жеңіс берілетін болса, қазір үшінші «шидодан» кейін айқасты тоқтатып, қарсыласқа жеңіс береді.

Ақпанда Ташкентте ережелер-дегі өзгерістерге арналған халықаралық төрешілер семинары өтті. Оған біздің бапкерлер Қуаныш Сүлейменов пен Жандос Қиянов қатысып келді. Келгеннен кейін бәрін бізге түсіндірді. Біздің шәкірттеріміз ережелердегі өзгерістерді тез игеріп алды. Бұлардың пайдалы болғанына жоғарыда айтып өткен жетістіктеріміз дәлел болса керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.