Нұрсая ықшамауданындағы құрылысы 10 жыл тұралап қалған концерт залы ғимаратын сүру жұмыстары басталды. Ғимараттың орнына қайтадан домбыра пішіндес жаңа концерт залы салынады.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, Нұрсаядағы 1200 орындық концерт залының және 100 орындық монша-сауықтыру кешенінің қолданыстағы ғимараттарын бұзу жұмыстарына 416 млн 220 мың теңге бөлінген. Ғимаратты бұзу жұмыстарын «ARSM» ЖШС мердігер мекемесі жүргізеді.
Еске салайық, бұған дейін 1200 орындық концерт залы бар тарихи-өлкетану мұражайын салуға ЖСҚ әзірлеуге 119 млн 301 мың теңге бөлінгенін жазған едік. Жобалаушы мекеме – астаналық «Engineering center ltd» ЖШС.
Салынатын ғимараттың жалпы ауданы 34 618 шаршы метрді құрайды. Жобалау жұмыстары 2024 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады, ал жалпы құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Ғимарат домбыра мүсінінде салынады. Ол қала көрінісін тамашалау үшін шолу лифті болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор