Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Зардап шеккен кәсіпкер Абай Жүнісов сотталушымен ынтымақтасудың пайдасы неде болғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жүнісовтің айтуынша, Сатыбалды отбасының ықпалы оған бірлескен серіктестікте құрылыс келісімшарттарын алуға көмектескен.
"Гүлмира Сатыбалды Назарбаевтар әулетінің жақын мүшесі болды, шенеуніктермен қарым-қатынасы арқасында мол мүмкіндігі болды. Ол осы мүмкіндіктерді пайдаланды. Мысалы, зияткерлік мектептерді салуға "Ария-Жаңа Астана" компаниясына бір келісім-шарт алдық. Сол кезде, есімде, ол Қайрат Сатыбалдыұлына жүгінді, олар бірге премьер-министрдің орынбасарына барып, құрылысты біздің компания салуын өтінді. Мен мұны әкімшілік ресурс деп санаймын", - деді кәсіпкер.