15 маусымға қараған түні Атырауда таксистке қастандық шабуылын жасады деген күдікті 19 маусымда Ақтау әуежайынан ұсталды. Бұл туралы Атырау облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВА хабарлады.
Түнгі сағат 3-те жас жігіт Уәлиханов пен Махамбет көшесінің қиылысындағы «Шырақ» сыраханасының маңында такси тоқтатып тұрады. Бұған «Ауди-80» авто көлігінің 40 жасар жүргізушісі келіп тоқтайды. Жолақысының бағасы туралы саудаласулары ұрысқа айналып, ақыр соңында елірген клиент пышақ шығарып, таксистің ішіне, арқасына бірнеше соққы беріп, оқиға орнынан қашып кетеді. Көлік жүргізушісі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Қастандық фактісін Шұғыл басқару орталығының (ШБО) бейнекамералары түсіріп алды. Полиция ҚР ҚК-тің 103-бабы бойынша («Денсаулыққа қасақана зиян тигізу») қылмыстық іс қозғады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен 23 жасар Тбилиси қаласының тұрғыны іздеуге берілді. 19 маусымға қараған түні ол Ақтаудан Бакуге ұшайын деп жатқан жерінен тұтқындалды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ