Атырау, 27 шілде 05:44
 ашықВ Атырау +25
$ 474.83
€ 515.38
₽ 5.50

​Ақтөбеде жастар арасындағы төбелес атысқа ұласып, бір бозбала мерт болды

367 просмотра

Ақтөбеде жастар арасындағы жаппай төбелестен 18 жастағы бозбала қаза тапты. Арты атысқа ұласқан қырғыннан тағы сегіз жігіттің аяғына оқ тиіп, ауруханаға түскен. Қазір науқастардың палатасын тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Осы қылмысқа қатысты төрт адам қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр. Төбелеспен басталып, атыспен аяқталған оқиғаның себебін КТК тілшісі анықтап көрді.

Түн ортасында Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінде тыным болмады. Бір мезетте осында оққа ұшқан тоғыз жігіт жеткізілді. Барлығы аяғынан жараланған. Ал, бір науқасқа оқтан бөлек бірнеше жерінен пышақ сұғылған. Жағдайы тым ауыр болған 18 жастағы жігітті ажалдан арашалап қала алмадық дейді дәрігерлер. 

Жасұлан Орымбаев, Ақтөбе облысы жедел жәрдем ауруханасының дәрігері: 

— Бірінші науқасты әкелді, жас баланы. Келген кезде клиникалық өліммен әкелді. Реанимациялық жұмыстар жүргізілді. Бірақ та қайтыс болды. Қалған сегіз адам тұрақты, емделіп жатыр.

18 - 22 жастағы жастар мал базары маңындағы жанармай бекеті жанында жаппай төбелескен. Артынан қару алып атысуға дейін барыпты. Жаппай төбелес кезінде қаза тапқан студент өндірістік тәжірибеден оралған күні екен. Оқытушылары бұған дейін қақ-соқпен ісі жоқ оны «қосақ арасында кетті» деп отыр.  

Жеңіскүл Мұхамбетпайызова, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры: 

— Практикада жүрген. Технологияда практикада жүріп, келіп есебін тапсыруға тиіс болатын. Практиканы өзінің тұрған жері Шалқар ауданы, Бозой елдімекені КС стансасында өткізді. Сол екі ортада бүгін түнде осындай жағдайды естіп отырмыз. Ол тек бір отбасының ғана емес, біздің оқу орнының қайғысына айналып отыр.

Адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты төрт жігіт қамауға алынды. Қазір оларды тәртіп сақшылары тергеп жатыр.

Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: 

— Полиция осы қылмыс жасады деген күдікпен 4 азаматты ізін суытпай анықтап, ұстады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Аяғынан жараланып ауруханада жатқан сегіз жастың палатасына күзет қойылған. Ал жаппай төбелестің себебі енді анықталып жатыр. Куәгерлерұрыс-керіс бозбаланың аяғын көшеде қатарласы басып кеткенінен басталғанын айтады. Сол үшін жақтастарын жинап, қару алып кездесуге барады. Арты ақыры қайғылы оқиғамен аяқталды. 

29 мамыр, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.