Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті (ТМРАД) «Атырау Халықаралық әуежайы» АҚ-да тарифтік сметаның сақталуын тексеру нәтижелері туралы ақпарат таратты.
Баспасөз хабарламасында өткен жылы әуе айлағы әуе кемелерінің ұшуын және қонуын қамтамасыз ету қызметін көрсете отырып, 12 млн 352 мың теңге мөлшерінде негізсіз табыс тапқан делінген. Осыған байланысты биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ТМРАД аталмыш кәсіпорынға 1 жыл қолданыс мерзімімен, әуе кемесінің бір тонна салмағына 2401,96 теңге мөлшерінде өтемдік тарифті енгізді.
Қолданыстағы тариф Атырау қаласының халықаралық әуежайында ұшақтың бір тоннасы үшін 2402 теңгені құрайды, өтемдік тарифтен айырмашылығы – 4 тиын. Сонда әуежайдағы ұшақтардың тоннасы және ұшу мен қону жиілігі бір жыл ішінде 4 тиын 12,3 млн теңгеге айналатындай көп болғаны ғой.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ