Мақат кентінде «Қазақстан Республикасы Рәміздер алаңы» құрылысы басталады, деп хабарлайды Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер мекеме “АтырауҚұрылыс 2050” ЖШС болып анықталған.
Алаңның құрылысына 41 млн 788 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталады деп күтілуде.
- Жобаға сәйкес, алаңның ортасында көк ту тұғыр орнатылып, екі жағына елтаңба мен әнұран және айналасы жасыл-желектермен, жарық шамдармен қамтылатын болады, - деді баспасөз қызметі.
Аудан әкімдігі хабарлағандай, бұдан бөлек Мақат кентінің Газшылар ықшамауданында жаңадан аллея құрылысы жүргізіледі, сонымен қатар «Болашақ» аллеясы қайта жөндеуден өтеді.
- Болашақ аллеясын қайта жаңғырту кезінде кіре беріс арка, спорт және ойын алаңдарының жабдықтарын қайта ауыстыру мен ойын жабдықтарын көбейту, демалыс аймағын салу жұмыстары қамтылады. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер мекеме “СК Алаш” ЖШС. Газшылар ықшамауданында салынатын жаңа аллеяда күн сәулесінен қорғайтын сарайлар, демалатын орындықтар, гүлзарлар, жасыл-желектер, домбыра монументі, қоқыс тастайтын урналар, балалар және ойын алаңдары сондай-ақ, жарық шамдармен қамтылатын болады. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер мекеме “Даулет” ЖШС болып анықталды. Құрылыс жұмыстары маусым айында басталады, - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ