Атырау, 31 қазан 12:55
 бұлттыВ Атырау +10
$ 488.45
€ 529.19
₽ 5.04

Жетімді лаңкестікке дайындаған

2 440 просмотра

Бүгін, 18 маусымда №2 Атырау қалалық сотында 32 жастағы Г.Д.-ға қатысты үкім шығарылды. Әйелді асырап алған балаларына қатігездік танытқаны үшін және терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға соттады.

Облыстық прокуратураның аға прокуроры Тұрсынай БОРАБАЕВАНЫҢ айтуынша, сотталушының полицияға шабуыл жасады деп күдіктелген азаматтық некедегі күйеуі өткен жылдың қыркүйегінде Көктем ықшамауданындағы саяжай үйінде штурм жасау кезінде өлтірілген болатын. Оның бұрын қайтыс болған бірінші әйелінен екі баласы (ұлы мен қызы) болған.

- Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Г.Д. екі баланы ұрып-соққан, үлкенін – баланы терактіге дайындап, ішкі істер органдарының ғимараттарының бірінде өзін өзі жарып жіберуге тиіс екендігін, содан кейін жұмақта оның әкесімен кездесетіндігін айтып, құлағына құйған, - дейді Борабаева.

Құқыққорғау органдарына нақты кімнің шағым жасағандығы туралы Борабаева жауап бере алмай, баланың (балалардың жасы еш жерде көрсетілмеген, кейбір мәліметтер бойынша ол 13 жаста) мектеп мұғалімінің біріне шағымданғанын айтты.

- Күйеуінің туыстары балаларды қамқорлыққа алуды ресімдеді, - деді аға прокурор.

Процесс жабық режимде өтті. Үкімді судья - №2 қалалық соттың төрайымы Айгүл ТАШЕНОВА жария етті. Өткен жылдың желтоқсанынан бері күзетке алынған сотталушы ҚР ҚК 107-бабының 2-тармағы (көрінеу кәмелетке толмаған тұлғаларды азаптау), 233-бабының 1-тармағы (лаңкестікті немесе экстремизмді насихаттау не терроризм актілерін жасауға шақыру), 24-бабының 1-тармағы (қылмыс жасауға әзірлік және қылмысқа оқталу) баптары бойынша кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.

Сотталушының 2007 жылғы туған қызы бар, сот шешімі бойынша анасы абақтыда болған кезде ол әпкесінің қолында тәрбиеленетін болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 15 күн ішінде сотталушы үкімге шағым жасай алады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

18 маусым 2013, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.