Атырау, 25 маусым 01:48
 бұлттыВ Атырау +26
$ 465.28
€ 499.20
₽ 5.33

Qazaq Air әуе компаниясын вьетнамдық SOVICO Group компаниясы сатып алды

303 просмотра

23 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми іссапармен Сингапурға барды. Президент Qazaq Air әуе компаниясын вьетнамдық SOVICO Group компаниясына жекешелендіруді құптайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының айтуынша, географиялық алшақтық пен байланыстың нашарлығы ұзақ жылдар бойы екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығын тежеп келді. Бүгінде жаһандану мен дамыған инфрақұрылымның арқасында елдер арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды дейді президент. 

Бұл ретте Тоқаев отандық "Қазақстан темір жолы" компаниясы мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының немесе "Орта дәліздің" әлеуетін пайдалануға бағытталған синергиялық серіктестікті мысалға келтірді.

“Аталған бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге шығара алады. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол. Сингапур компаниялары мен қаржы институттары бұл саладағы бизнес пен инвестицияның мүмкіндіктерін зерттеп, айтарлықтай пайдаға кенеле алады деп санаймыз. Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екеніне назар аударды. Сингапур компанияларына бірлескен агроинновациялық орталықтар құру, дәлдігі жоғары егіншілік және су ресурстарын барынша тиімді пайдалану бағыттарында бірлесе жұмыс істеу ұсынылды.

23 мамыр, 16:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.