Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге тасқын судың залалын қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын тездетуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінде 60 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. 239 отбасы қираған баспаналарының орнына не пәтер, не үй алған. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 794 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 891 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіру үшін өтемақы алды. Жалпы зардап шеккен өңірлерде 11 137 тұрғын үй тексеріліп, 7 863 нысанға бағалау жұмысы жасалды. Суға кеткен малдың өтемі үшін мемлекеттік көмек көлемі 1,3 млрд теңгеден асты.
«Бағалау, залалды өтеу, қалпына келтіру және құрылыс жүргізу үшін ауқымды жұмыс майданы күтіп тұр. Біз қазіргі кезеңде жұмыс қарқынын көріп отырмыз, бірақ зиянды бағалау сатысында кешігу бар. Төтенше жағдайда барлық процестерді жеделдету керек. Бағалаушы мамандарды шығынды есептеу аяқталған өңірлерден Атырау және басқа да облыстарға жедел бағыттау қажет», - деп атап көрсеткен Олжас Бектенов барынша қысқа мерзімде бағалауды сапалы жүргізуді тапсырды.