Атырау, 25 қараша 22:44
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жағажай жыры

6 969 просмотра

Өткен демалыс күндері Атырауда суға түсу маусымы басталды. Алайда тек қағаз жүзінде.

- Суға түсу маусымы ресми түрде 15 маусымда ашылады, алайда қалалық жағажайлар дайын емес – жаға лас, су астын тазалау жұмыстары жүргізілген жоқ, - дейді Облыстық ТЖД-нің су-құтқару қызметінің маманы Асылан ОМАРОВ.- Негізі бұрын бізге су түбін тазалату үшін жағажай иелері хабарласатын, алайда қазір жағажайлардың иелері жоқ болғандықтан, мұндай хатты ешкімнен алған жоқпыз.

Қалада екі жағажай бар. Бірі - «Атырау» ДСК маңында, екіншісі - Жилгородок аумағында орналасқан. Қала тұрғындары балалар жазғы каникулда болғандықтан және демалыс күндердегі 40 градус ыстықта ресми ашылуды күтпей-ақ, суға түсуді бастап кетті.

Осыған байланысты құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін сақтауға - көпірлерден секірмеуге, балаларды қараусыз тастамауға, қолдан жасалған жүзу аспаптарын қолданбауғакеңес береді.

- Біз күн сайын рейдтер жүргізіп, дыбыс ұлғайтқыштар көмегімен қауіпсіздік ережелерін оқып отырамыз, - дейді Омаров.

Жағажайлардың иелері турасына келсек, қалалық қаржы бөлімінің басшысы Мұрат АЙТЖАНОВТЫҢ айтуынша, мамыр айының басында өткізілген тендерге ешкім қатыспады. Қайталама тендер 19 маусымда өткізіледі.

- Қазіргі уақытта жағажайлардың сенімді басқарушысы - «West Energy Service» ЖШС, - дейді М. Айтжанов. – Біз онымен жасалған шартты бұзған жоқпыз. Алайда олар жұмыс жасаудан бас тартып отыр, тиімсіз дейді. Жағажай бизнесі кәсіпкерлер үшін машақаты көп іс сияқты, өйткені ол жерде СЭС пен ТЖ тарапынан қатал талаптар қойылады ғой.

«West Energy Service» ЖШС директорының орынбасары Абзал ЖОЛАМАНОВ тек Жилгородоктағы жағажай туралы сөз қозғады:

- Өткен жылы біз Жилгородоктағыжағажайды алғанбыз, алайда қазір қалалық қаржы бөліміне нысанды кері тапсырамыз деп хат жаздық, қаржылық қиындықтарымызға байланысты қызмет көрсетпейміз. Мұнда келушілер көп, бірақ бұл бизнес біз үшін тиімсіз. Мүмкін бұл жүйені жақсы білетіндер табысқа жетер. Біздер игере алмадық.

- Өткен жылы не жасай алдыңыздар?

- Күнқағарлар қондырдық, жатын төсемшелерін сатып алдық. Бюджеттен қаржы бөлінбейді, біз барлығын өз қаражатымызға жасадық.

Жағажайлардың иесіз қалуы әр жаз сайын қайталанады. Биыл қызмет көрсетуді өз мойнына алғысы келетіндер табылар ма екен? Мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

17 маусым 2013, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.