Атырау, 11 желтоқсан 17:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Спорт жаңалықтары

3 390 просмотра

Фольксваген белгісімен

«Судоремонтник» стадионында 2000-2001 ж.т. жасөспірімдер арасында футболдан «Volkswagen Junior Masters Қазақстан» бірінші ұлттық турнирінің облыстық кезеңі өтті.

Volkswagen компаниясы келесі жылы футболдан балалар әлем чемпионатын өткізеді және бұл турнирге осы белгілі бренд автокөліктері сатылатын елдердің үздік командалары қатысады.

Алдын ала тур топтар ішінде өтті. А тобындағы «Қаратон» (Жылыой ауданы), «Әмір» (Атырау)  және «Индер» командаларынан тұратын үштіктен екі жеңіске қол жеткізген «Индер» командасы шықты.

В тобындағы «Атырау-2000», «Құлсары» және «Жамбыл» (Атырау) командаларының әрқайсысында бір жеңіс пен бір жеңілістен болды. Қақпаға соғылған-жіберген жақсы доп айырмасымен «Жамбыл» финалға шықты.

С тобында («Атырау», «Атырау-2001», «Атырау-2002») 2 жеңіспен «Атырау-2001» командасы үздік атанды.

Финалдық ойындарда «Атырау-2001» «Индерді» 2:0 есебімен ұтты. Келесі ойында «Индер» «Жамбылдан» 0:1 есебімен ұтылып қалды. Ал «Атырау-2001» мен «Жамбыл» арасындағы ойында гол соғылмай, тең аяқталды.

Қақпаға соғылған гол айырмашылығымен «Атырау-2001» командасы 1-орын, «Жамбыл» 2-орын, «Индер» 3-орынға табан тіреді. Осылайша, қазан айында Алматыда өтетін ұлттық турнирдің финалдық бөлігіне жолдама «Атырау-2001» командасына бұйырды.

Үздік ойыншылар демеушілердің арнайы сыйлықтарымен марапатталды: қақпашы Нұрғиса Шанаев («Құлсары»), қорғаушы Елдос Қаржау («Жамбыл»), жартылай қорғаушы Рамиз Каримуллин («Атырау-2001»), шабуылшы Жастілек Маратұлы («Индер»), турнирдің үздік ойыншысы Санжар Сатанов («Атырау-2001»).

***

 

Ақеркенің болашағы зор

Ақмола облысы Шу қаласында бокстан Әзірбайжан, Ресей, Украина және Қазақстан әйелдері құрамалары арасында матчтық кездесулер өтті. Нәтижесінде барлық кездесулерде алаң иелері жеңіске жетті.

ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк сынақ жасап, шаршы алаңға болашағынан үміт күттірген спортшыларды шығарса да, олар ұятқа қалдырмады. Мәселен, 75 келіге дейінгі салмақта Ресей құрамасына қарсы матчта Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова шықса, Әзірбайжан құрамасымен болған айқаста оны атыраулық Ақерке Бақытжан ауыстырды.

Әйелдер боксынан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Алексей Юн:

- Ақеркенің жасы 20-да, ол Қазалыда дүниеге келген. Атырау атынан жарыстарға қатысу үшін бізге көшіп келді. Бапкері – Адик Бермешев. Ол - Қазақстан чемпионатының финалына қатысушы және ҚР еңбек сіңірген бапкері М. Хайрутдиновты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы. Әзірбайжан қызы Ләйлә Жабатовамен айқаста Ақерке толассыз шабуылдар жасап, қарсыласын соңғы раундтың басында берілуге мәжбүрледі.

***

 

Атыраудың алтын үлесі

Облыс құрамасы Сеулде өткен жасөспірімдер арасындағы спорттық самбодан және ересектер арасындағы әскери самбодан Азия чемпионатында бұрын болмаған табысқа қол жеткізді.

Спорттық самбодан Қазақстан құрамасы 3 алтын медаль ұтып алды. Олардың екеуінің иесі - атыраулық 1-БЖСМ шәкірттері.

52 келіге дейінгі салмақта Мерей Тәжіғали Азия чемпионы атанды (бапкері Б.Қошқаров). Ол Моңғолия, Оңтүстік Корея және Қырғызстанның палуандарының қарсылығына төтеп беріп, 3 жеңісті айқас өткізді. 60 келіге дейінгі салмақта «алтын» қытай, қырғыз, оңтүстік кореялық және тәжік палуандарын ұтқан Дәурен Болатбекұлының (бапкері К.Досқалиев) қанжығасына ілікті.

Атыраулықтар жарыстардың әскери түрлерінде де үлкен табыстарға жетті. Қазақстан құрамасының қоржынындағы 4 «алтынның» екеуі жерлестеріміздің иелігінде.

52 келіге дейін салмақта тағы бір 1-БЖСМ шәкірті Әсет Айдешев (бапкері Б. Жұмабаев) сәтті өнер көрсетті. Соққы техникасын жақсы меңгерген ол Қырғызстан, Оңтүстік Корея және Моңғолиядан келген қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Осылайша ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

90 келіге дейінгі салмақта джиу-джитсу федерациясының шәкірті, ережесіз жекпе-жектен көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы Рүстембек Жереншиев (бапкері А.Есенғалиев) өз мықтылығын тағы дәлелдеді. Финалда ол қырғызстандық спортшыны айқын басымдықпен ұтты.

62 келіге дейінгі салмақта 1-БЖСМ шәкірті Абылай Төлеш (бапкері.А.Аралбаев) ақтық сында қарсыласына жол беріп, күмісті місе тұтты. Осындай нәтижені 100 келі салмақта  джиу-джитсу федерациясының шәкірті Арғын Сабыров (бапкері А.Есенғалиев) те қайталады.

***

 

Әуенді жеңіс

Алматыда өткен таэквондодан Жастар ойынында облыс құрамасы жеңіп алған медальдар саны бойынша алаң иелері мен Қызылордадан кейінгі үшінші орын алды.

Атырау құрамасы құрамында «алтынға» Сағадат Жолдасбаев, Амантұр Табылдиев және Жұлдыз Бүркітова ие болды. Алмас Меллятов пен Айгүл Елеубай күміс жүлдегер атанса, Аягөз Нығметова, Жалғас Қанымбаев, Дастан Мұратов, Арайлым Оразақова, Ирина Гайдук, Данагүл Сағынғалиева және Жеңісбек Тастемір «қоланы» қанжығаға байлады. Сонымен қатар, А. Табылдиев турнирдің үздік спортшысы атанып, сыйлыққа музыка орталығын алды. Спортшылар мен бапкерлер облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына, қалалық білім беру бөліміне қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтады.

***

 

Үздік спортшы

Өткен аптада Таразда өткен Ашық Азия Кубогында атыраулық қол күресінің шебері, Әлем кубоктары мен чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Константин Тарабрин бас жүлдені қанжығаға байлады.

Жарысқа әлемнің көптеген елінен 262 атлет қатысты. 60 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан Константин финалға дейін жолда Қырғызстан, Болгария, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің өкілдерін жеңді. Ал шешуші айқаста ол Қазақстан және Азия чемпионы, шымкенттік Талғат Рүстембековті оңай жеңді.

Константин 30 жаста, ол «Атырау» ДСК-нде жаттығу жасайды. Спортшы және оның бапкері С. Передистый үнемі қолдау көрсетіп отыратын облыстық спорт басқармасына алғыс айтады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.