«ЕмбіМұнайГаз» ӨФ Прорва кенорны тобы бойынша баспасөз турын өткізді.
МҰНАЙШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ
Прорва Атыраудан 370 шақырым қашықтықта жатыр. Және мұнайға бай Теңіз кенорны мен Маңғыстау облысының ортасындағы әкімшілік шекараның арасында орналасқан. «Прорва» атауының өз-өзінен шығып жатқан ұңғымаларға еш қатысы жоқ. Алайда бұрын, әсіресе 90-шы жылдары, өндірістік апаттардың көп болғаны туралы мұнай саласының ардагері Мақсот ЕСЕНОВ әңгімелеп берді: Мұнай атқылауларын Мәскеу мен Алматының көмегін күтпестен, өз күштерімізбен жоюға тура келді.
«ЖылыойМұнайГаз» МГӨБ-нің бас инженері Серік АДАЕВТЫҢ (суретте) айтуынша, жер атауы қазақтың «бір арба» деген сөз тіркесінен шыққан. Өткен ғасырдың басында осы маңда шағын порт болған. Бұл жерде жергілікті халық, көбіне балықшылар, көпестерге балық сатады екен және балықтың көп болғаны соншалық, өлшем бірлігіне бір арба жүрген.
Прорва кенорны тобына биыл тура жарты ғасыр толады. Оның тарихы 1963 жылы Сағидолла Нұржанов деп аталған кенорнының ашылуынан басталды. Содан кейін Ақтөбе (1970 ж.), Батыс Прорва (1977 ж.) және Досмұхамбетов кенорындары (1980 ж.) ашылды.
Прорва тобы «ЕмбіМұнайГаз» жүйесіндегі ең ескі кенорындар емес. Мәселен, 100 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Доссор кенорны бар. Өзінің жарты ғасырлық тарихында Прорва 35,9 млн тонна «қара алтын» берген. Салыстырып қарасақ, көрші Теңіз кенішінен өткен жылдың өзінде 24 млн тонна мұнай алынған. Алайда, өнімділігі жағынан Прорва «ЕмбіМұнайГаз»-дың маңызды активтерінің бірі болып табылады. 692 мың тоннаға тең жылдық өндіріс жоспарын «бірарбалықтар» тұрақты артығымен орындап отырады. Сонымен қатар, ұңғымалардың көпшілігі мұнайды атқылау тәсілімен, яғни, сорғысыз береді.
Прорва мұнайшыларының көп бөлігі - 2005-2007 жылдары жағымсыз экологиялық жағдайға байланысты Құлсары қаласы маңындағы Жаңа Қаратон ауылына және Атырау қаласына көшірілген бұрынғы Сарықамыс ауылының тұрғындары. Олардың орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар компания қызметкерлерін 3 отбасы мүшелерімен бірге медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді, сондай-ақ, балалары үшін Қырым мен Түркияға жазғы демалысқа жолдамалар береді. Сондықтан да компанияда қызметкерлердің жиі алмасу жағдайы жоқ. Қызметкер зейнеткерлікке кеткенде, оның орнына бір отбасы мүшесін алады.
- Біз ұжымымызда кеңестік уақыттан бері мұнайшылар династиясын сақтап келеміз. Бізде Көрпебаевтар, Есеновтер, Уәлиевтер, Әділовтер, Нұрбауовтар, Мұқановтар, Төлешовтер, Әнетовтар, Адаевтар, Қапаровтар, Мұқашевтар және тағы басқа отбасылар династиясы жұмыс жасайды, - дейді С. Адаев.
Мұнай алыбы «Теңізшевройл-дың» жақын орналасуы Прорваға да әсерін тигізуде. Мұнайшылар үшін қажет барлық жағдайлары бар «Шаңырақ» вахталық ауылын салған ТШО-ның ізінше 2005 жылы «ҚазМұнайГаз» Прорвада сапасы жағынан теңіз ауылынан еш кем емес «Каспий самалы» кешенін салды.
ГАЗ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Прорва мұнайының ерекшеліктерінің бірі – ондағы тұздың құрамы нормадан мың есе артылады. Мұнайды мұнай дайындау орталығында тауар түріне келтіргенше «шаяды» және құбыр желілері арқылы «ҚазТрансОйлдың» «Прорва» мұнай айдау станциясына дейін жеткізеді. Айтпақшы, жарты ғасырлық мерейтойға байланысты «ЕмбіМұнайГаз» басшылығы Прорва мұнайшыларына сый дайындап жатыр – таттанғыш темір құбыр желілерін тозу мерзімі бірнеше есе көп шыны-талшықты құбырлармен алмастырылып жатыр. Сонымен қатар Прорва кенорнын байланыстыратын автокөлік жолына жөндеу жасау жүргізілуде.
Прорва кенорындары тобында ілеспе газды кәдеге жарату жобасын жүзеге асыру («АЖ», №17, 25.04.2013 ж., «Шалағай заң және шектен шыққан мөлшерлер» мақаласын қараңыз) 2014 жылға шегерілгені үшін «ЕмбіМұнайГаз» басшылығының қызметіне экологтар тарапынан сын айтылған. Экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, 2010 жылы «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Прорвада ілеспе газды дайындау қондырғысын салу және одан «Орта Азия - Орталық» магистралды газ құбырына дейін құбыр желісін жүргізу жобасын қарастырған болатын. Техникалық-экономикалық негіздемесі 2011 жылғы қыркүйекте дайын болып, құрылыс 2013 жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда «ЕмбіМұнайГаз» Прорва кенорындары тобында ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасын жүзеге асыруды 2014 жылдың аяғына дейін кейінге қалдырды.
Ілеспе газды бөліп шығаратын мұнай дайындау орталығында жалын арқылы жылына 80 млн текше метр газ жағылады. Тағы 40 млн «текше» пеште жанады.
Салыстыру үшін біз табиғи газды құрғатып және тасымалдайтын қондырғыны қолданысқа енгізу дайындалып жатқан «ДоссорМұнайГаз» МГӨБ-нің Батыс Мақат кенорнына апаруды өтіндік. Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» 1,8 млрд теңгеге «мұнай» газынан көгілдір отын өндіруге арналған жабдық алып, құрастырған еді. Доссорлық табиғи газ «ИнтерГаз – Орталық Азия» АҚ магистралдық желілеріне (мұнда теңіз газы келіп түседі) соқпастан «ҚазТрансГаз Аймақ» ӨФ құбырына жеткізіледі. Маусым айының өзінде Мақат және Қызылқоға аудандарының елді мекендері осы газды пайдалана алады. Қазір газшылармен газ бағасы жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.
«ДоссорМұнайГаз» МГӨБ-нің бастығы Талғат ТАСҚЫНБАЕВТЫҢ айтуынша, Мақат ауданындағы Шығыс Мақат кенорнында 40 млн текше метр және Исатай ауданындағы Балғымбаев кенорнында 20 млн текше метр табиғи газды тазалайтын жабдықтар құрастырылды. Алайда Прорвада бұдан екі есе артық газ жағылады. Мұны да неге адамдарға сыйға бермеске?
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген автор